Алматылықтарға ескерту: Қаланың бас жоспары жұрт талқысына ұсынылды
Бұған дейін Алматының кейбір аумақтары сүрілуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын.
Алматы қаласының бас жоспарына енгізілетін түзетулер бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Алайда қала тұрғындары бұл туралы ақпараттың әкімдікке қарасты әлеуметтік желілерде жарияланбағанына назар аударған.
Жарияланған хабарландыруға сәйкес, Бас жоспарды түзетуге арналған стратегиялық экологиялық бағалау жобасы бойынша қоғамдық тыңдау 30 маусым күні ұйымдастырылады.
Іс-шараны Алматы қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасы өткізеді. Құжатты әзірлеу барысында мамандар қаланы дамытудың үш түрлі балама сценарийін қарастырған.
Тыңдау аралас форматта өтеді. Оған қатысушылар Абай даңғылы, 90 мекенжайындағы конференц-залға келіп қатыса алады немесе Zoom платформасы арқылы онлайн қосылуына мүмкіндік бар. Тіркеу сағат 08:00-де басталса, тыңдау 09:00-де ашылады.
Бұған дейін Алматының кейбір аумақтары сүрілуі мүмкін деген ақпарат тараған болатын. Бас жоспардың жаңа жобасында жеке секторды толық сүріп, қайта салу жоспарынан тек Қайрат шағынауданы бойынша бас тартылған. Ал басқа аудандарда аз қабатты тұрғын үйлер орналасқан аумақтарды жаңғырту жұмыстары жалғасуы мүмкін.
Қала тұрғындары жобалық құжаттармен алдын ала танысып, өз ұсыныстары мен ескертулерін жолдай алады. Сондай-ақ әзірлеушілерден қосымша материалдар сұратуға мүмкіндік берілген.
Ұсыныстар мен пікірлер қоғамдық тыңдау өтетін күннен кемінде үш жұмыс күні бұрын Бірыңғай экологиялық портал, электрондық пошта немесе жазбаша өтініш арқылы қабылданады.