Алматылықтарда аллергия неге асқынып барады? Профессор негізгі себептер мен емдеу жолдарын түсіндірді
Алматыда аллергияның таралуына әсер ететін факторлар жеткілікті.
Алматыда тамызда аллергия белгілеріне шағымданатын тұрғындар саны артады. Мамандар мұны арамшөптердің гүлдеуімен байланыстырады. Аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының докторы, ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының профессоры Таир Нұрпейісов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында аллергияның не себепті пайда болатынын, оның астмаға қалай ұласатынын және қазіргі емдеу тәсілдері туралы айтып берді.
Таир Нұрпейісов – «Рахат» аллергоорталығының жетекшісі, жоғары санатты аллерголог-иммунолог (ересектер мен балалар бойынша), Қазақстан аллергологтары, иммунологтары және иммунореабилитологтары қоғамының құрметті президенті. Оның аллергология мен иммунология саласындағы еңбек өтілі 30 жыл. Ғалым 100-ден астам ғылыми жұмыстың авторы.
Аллергологтың айтуынша, халық арасында кең тараған «маусымдық аллергия» термині ауру туралы қате түсінік қалыптастыруы мүмкін.
Аллергия ағзаға белгілі бір маусымда әсер ететін аллергендердің ықпалынан пайда болады. Әдетте мұндай аллергендерге ағаштар мен шөптердің тозаңы жатады. Бірақ біз «маусымдық аллергия» деген атауды қолданбауға тырысамыз. Өйткені аллергиялық ринит бастапқыдан-ақ созылмалы ауру саналады. Ал аллерген белгілі бір маусымда ғана әсер еткеннің өзінде тыныс жолдарындағы қабыну процесі жыл бойы дерлік сақталып тұрады, – деді Таир Нұрпейісов.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта, яғни тамыз және қыркүйек айларында негізгі аллергендер – арамшөптер, жусанның әртүрлі түрлері мен амброзия.
Аллергиялық реакция көбіне мұрыннан су ағу, түшкіру, көздің қышуы мен ісінуі арқылы байқалады. Сонымен қатар, жөтел, ауа жетпегендей сезім, тыныс жолдарында бөгде зат тұрғандай әсер және ентігу болуы мүмкін. Профессор кей жағдайда, әсіресе балаларда, дене қызуының көтерілуі де кездесетінін айтады.
Бұл жағдай адамдарды жаңылыстырып, аллергияны жедел респираторлық вирустық инфекциямен, тамақ ауруларымен немесе гайморитпен шатастыруға себеп болады, – дейді ол.
Аллерголог-иммунологтың пікірінше, дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтерілген жағдайда да емді антигистаминдік препараттардан бастаған жөн.
Левоцетиризин секілді антигистаминдік дәрілерді қолдану аллергия кезінде де, вирустық инфекция кезінде де оң әсер беруі мүмкін. Бұл артық дәрі-дәрмек тағайындаудан сақтап, аллергияның әрі қарай асқыну қаупін азайтады. Дегенмен міндетті түрде маманға қаралып, қажетті талдауларды тапсырған дұрыс, – деп кеңес берді дәрігер.
Маман аллергиялық риниттің ұзақ мерзімді перспективада бронхиалды астмаға айналу ықтималдығы өте жоғары екенін атап өтті.
Аллергиялық риниттің астмаға ауысуы – уақыт мәселесі ғана. Кейбір науқастарда бұл бір айдың ішінде болуы мүмкін, ал кейбірінде 10-15 жылдан кейін байқалады. Дұрыс емделмеу, антибиотиктерді орынсыз қолдану, әсіресе мұрынға жасалатын операциялар тәуекелді айтарлықтай арттырады, – деді ол.
Таир Нұрпейісов аллергиялық риниттің бұрын көбіне мектепке дейінгі жаста басталатынын, бірақ ондаған жылдарға созылуы мүмкін екенін айтты. Қазіргі таңда аллергия кез келген жаста, тіпті егде адамдарда да алғаш рет пайда болуы мүмкін.
Маманның айтуынша, Алматыда аллергияның таралуына әсер ететін факторлар жеткілікті. Олардың қатарында урбанизация, ауа мен судың ластануы, тұрмыста химиялық заттардың көп қолданылуы, генетикалық түрлендірілген өнімдер мен жоғары деңгейде өңделген тағамдардың көбеюі, қала мен оның маңындағы арамшөптердің көптігі бар.
Сондай-ақ антисептиктерді, антибиотиктерді және қабынуға қарсы стероидты емес препараттарды бақылаусыз пайдалану да қауіп факторларының бірі саналады.
Аллергияға бейімділік ем қабылдамаған ата-аналардан балаларға берілуі мүмкін. Бұл да аурудың кең таралуына әсер ететін маңызды себептердің бірі, – деді профессор.
Маманның айтуынша, көптеген пациент аллергологқа бірден жүгінбейді.
Өкінішке қарай, адамдардың көбі аллергологқа 5-10 жыл бойы өзін-өзі емдеуден немесе белгілерді елемеуден кейін ғана келеді. Аллергия өздігінен ешқашан жоғалып кетпейді. Бірақ «аллергия мүлдем емделмейді» деген пікір де дұрыс емес, – деп түсіндірді ол.
Таир Нұрпейісов ең тиімді әдіс аллергенмен байланысты толық тоқтату екенін айтты. Алайда тозаңға аллергиясы бар адамдар үшін бұл мүмкін емес. Сондықтан маман респиратор тағуды, үйде ауа тазартқыш жүйелерді пайдалануды ұсынады. Сонымен қатар, гүлдеу кезеңінде көшеде аз жүруге, көлікте терезені ашпауға және терезелерге сапалы маса торларын орнатуға кеңес береді.
Дәрігер аллергияға қарсы препараттардың әртүрлі мақсатта қолданылатынын атап өтті.
Кейбір дәрілер тек симптомдарды жеңілдетуге арналған. Басқалары қабыну процесін емдейді. Ал АСИТ әдісі аллергияның түпкі себебіне әсер етеді. Қазіргі антигистаминдік препараттар ұзақ уақыт қолдануға қауіпсіз әрі тиімді. Мен еуропалық өндірістегі левоцетиризиндерді ұсынар едім. Бірақ олардың аурудың себебін емдемейтінін ұмытпау керек, – дейді ол.
Сонымен қатар маман аллергияға қарсы бұлшықетке салынатын инъекциялардан сақ болуға шақырды.
Көп жағдайда мұндай екпелер құрамында гормондардың өте жоғары дозасы болады. Сондай-ақ қан тамырларын тарылтатын дәрілерді ұзақ уақыт пайдалану да дұрыс емес. Олар энергетикалық сусындарға ұқсас әсер етеді және ұзақ қабылданған жағдайда пациенттердің басым бөлігінде жанама әсер туғызады, – деп ескертті профессор.
Маманның айтуынша, қазіргі таңда аллергиялық ауруларды емдеудегі ең тиімді тәсіл – аллерген-спецификалық иммунотерапия (АСИТ).
АСИТ аллергияның негізгі себебі – белгілі бір аллергендерге сезімталдықты емдеуге бағытталған. Сондықтан ол емдеудің алтын стандарты саналады, – дейді Таир Нұрпейісов.
Қазақстанда бұл бағытта отандық және шетелдік препараттар қолданылады. Сонымен қатар қазақстандық ғалымдар жаңа буындағы препарат әзірлеп жатыр.
Профессордың айтуынша, оның жетекшілігіндегі аллергологтар тобы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің биотехнологтары бірлесіп жусанға қарсы АСИТ препаратының клиникалық сынақтарын жүргізіп те жатыр.
Біз қазіргі уақытта ең заманауи технологиялар негізінде жасалған жаңа отандық препараттың клиникалық зерттеулерінің екінші фазасын өткізіп жатырмыз. Бұған дейінгі кезеңдердің нәтижелері өте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. PollenVax деп аталып жүрген бұл препарат – жусан аллергиясына қарсы клиникалық сынақ сатысына жеткен әлемдегі алғашқы АСИТ препараты, – деді ол.
Ғалымның сөзінше, зерттеудің алғашқы фазасының нәтижелері Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен халықаралық кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған. Сонымен қатар бұл нәтижелер әлемдегі ең ірі халықаралық конгрестерде таныстырылған.