23 Тамыз 2026, 16:40 Фото: ӨКҚ

Алматылықтар сайлауда белсенді: Түстен кейін учаскелерде адам қарасы көбейді

Алматы тұрғындары Құрылтай депутаттарын сайлау барысында жоғары азаматтық белсенділік көрсетіп жатыр. Қала бойынша сайлау учаскелеріне келушілер саны күн өткен сайын артып, тұрғындар өз таңдауларын жасауға белсенді қатысып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сағат 16:00-дегі мәліметке сәйкес, дауыс берушілер қатары едәуір көбейген. Сайлаушылардың белсенділігі мегаполистің барлық ауданында байқалып отыр.

Атап айтқанда, №138 сайлау учаскесінде, Әуезов ауданындағы №105 мектеп-гимназияда орналасқан №265 учаскеде, сондай-ақ Бостандық ауданындағы №255 және №215 мектептердегі №686 сайлау учаскесінде тұрғындар көптеп дауыс беруде.

Сонымен қатар, Түрксіб ауданындағы №76 жалпы білім беретін мектепте орналасқан №449 және Жетісу ауданындағы №326 сайлау учаскелерінде де сайлаушылар қарасы қалың. Бұдан бөлек, №696, №445, №547, №35 және басқа да бірқатар учаскелерде халықтың жоғары белсенділігі тіркелген.

Қаладағы барлық сайлау учаскесінде дауыс беру үдерісі қалыпты әрі ұйымдасқан жағдайда өтуде. Көптеген тұрғын сайлауға отбасымен келіп, елдің қоғамдық-саяси өміріне бейжай қарамайтынын көрсетіп жатыр.

Сайлау комиссиялары мен байқаушылардың айтуынша, сайлаушылар легі күні бойы үзілмей жалғасуда. Дауыс беру рәсімі белгіленген тәртіпке сәйкес өтіп, тұрғындар өз таңдауларын еш кедергісіз жасауда.

Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сәйкес, сағат 16:00-дегі жағдай бойынша Алматы қаласында сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 36,65 пайызға жеткен.