Алматылықтар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еcке алды
Алматыда зиялы қауым өкілдері, қала әкімі Ерболат Досаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағайлы скверінде өткен іс-шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының туыстары мен жақындары қатысты. Қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін қандай құрбандықтың болғанын және оларды ұлықтау қаншалықты маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан бойынша жалпы 130 мыңдай адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам атылған. Ең өкініштісі, сол адамдардың қай жерде жерленгені туралы ешқандай дерек қолымызда жоқ. Білетініміз - жаппай жерленгендер бар. Оралбай ауылының жанында Қандысайда жерленген 25-ші ақпан күні атылған 39 адам. Соның ішінде Нығметолла Сырғабеков, Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов секілді қазақтың ұлы тұлғалары бар,- деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Еске салайық, қалада түрлі естелік іс-шаралар, соның ішінде «дөңгелек үстелдер» форматындағы конференциялар, тарихи-ағартушылық дәрістер, театрландырылған қойылымдар, кітапханалардағы фото және кітап көрмелері, жастардың зиялы қауым өкілдерімен кездесуі және т.б. ұйымдастырылады.