Алматылықтар қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Алматы қаласының әкімі ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, гүл шоқтарын қойды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Еске алу жиынына бас-аяғы жүзден аса адам жиналды. Шара басында бір минут үнсіздік жарияланды.
Отар елдің, біреудің қолына қараған елдің тарихы қашанда қанмен жазылады. Ашаршылық – бүкіл елге келген нәубет. Қуғын-сүргін дегенде 1933 жылдарды ғана айтамыз. Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Кенесары, Амангелді Имановтар да қуғынға ұшырады. Біз өз өрісімізді кеңейтіп, барлық отарлық, тотаритарлық дәуірді қуғын-сүргінге толы кезең деп айтуымыз керек. Екіншіден, 31 мамыр деген қандай күн? Қуғын-сүргінді еске аламыз десек, Алаш зиялыларының атылған күндерінің бірін таңдауымыз керек. 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық «гуманитарлық апат» деген анықтама аясына сыймайды. Ол – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық қасірет. Ашаршылықтың әлденеше жылға созылуына, қисапсыз қайғы-қасірет әкелуіне себеп болған басты фактор – қоғамның объективті-ырғақты даму диалектикасы мен қисынын бұзған номенклатура өктемдігі, - дейді ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжанов.
Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының туыстары мен жақындары, мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысты.