Алматылықтар Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Алматыда Дінмұхамед Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Сондай-ақ, Д.А.Қонаевтың мемориалды пәтер-музейінде экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Зиялы қауым өкілдері мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі, саяси таланты туралы естеліктерімен бөлісті. 

Мен Дінмұхамед Қонаевпен бірге жұмыс жасаған бақытты адамдардың бірімін. Зейнетке шыққан кезінде ағамызбен етене араластым. Ол кісінің адамгершілігі мен еңбекқорлығына қарап қай кезде болсын тамсанатын едік. Зейнет жасына шықса да, еліне еңбек етіп, болашақ ұрпаққа өшпес із қалдырды. Ол кісінің жарқын бейнесі, қажымас қайраты ұрпақ жадында мәңгі сақталарына сенімдіміз. Бүгін міне, жастар да іс-шараға қатысып, өздерінің жүрекжарды тілектерін арнап жатыр Дінмұмамед Қонаев ел үшін өлшеусіз еңбек еткен ерен тұлға десек, артық айтпағанымыз болар. Халқына адал қызмет еткен қайраткер деп айта аламын, – дейді Қазақстан Журналистика академиясының вице-президенті Валерий Жандаулетов.

Қонаевтың шынайы тұлғасын ашуға, яғни оны тұлға ретінде көрсетуге мұражай үйі үлкен мүмкіндік береді. Бұл орын Қонаевты тек мемлекет қайраткері ретінде ғана емес, шынайы өмірде болған тұлға ретінде де ашып көрсетті десек, артық айтпағанымыз болар.

Мұнда сақталған жәдігерлер Дінмұхамед Ахметұлының дүние-мүлікке қызықпайтын қарапайым адам болғанын, оның қарапайым тіршілігін, қалай демалып, нендей дүниеге қызығушылық білдіретінін аңғартады. Мұражай бұл өткен тарихымызбен таныстыратын орын әрі өнегелі өмірдің нағыз куәгері, – дейді мұражай меңгерушісі Елена Кубашева.

Аталған іс-шараға  Дінмұхамед Қонаевтың қызметтес ізбасарлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, туған-туыстары, БАҚ өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан Дінмұхамед Қонаев музейі
Өзгелердің жаңалығы