Алматылықтар полицияға тіркелмеген 34 бірлік қаруды тапсырды
Алматылықтар полицияға тіркелмеген қаруды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция атыс қаруын заңсыз сақтау деректерінің алдын алу мақсатында тұрғындардан тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Тұрғындардан заңсыз сақталған қаруды сатып алу бойынша іс-шаралар аясында аумақтық полиция бөлімшелеріне азаматтардан 24 өтініш келіп түсті. Азаматтар 34 бірлік тіркелмеген атыс қаруын, сондай-ақ мылтыққа арналған 60 патронды өз еркімен тапсырды. Тіркелмеген қару мен оқ-дәрілерді тапсырған азаматтарға төленген ақшалай төлемдердің жалпы сомасы 2,3 млн теңгеден асады. Сонымен қатар заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруға ниет білдірген азаматтар, егер әрекеттерінде басқа құқық бұзушылықтар болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын айта кету керек, – деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.