Алматылықтар арықтарға бетон плиталар төсеуге қарсы қайтадан қол жинай бастады
Петиция авторлары арықтарды бетон плиталармен жабу су басу қаупін арттырып, ағаштарға кері әсер етуі мүмкін деп есептейді.
Алматыда ашық арықтарды бетон плиталармен жабуға қарсы петиция қайта жарияланды. Бастама Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихатына, сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданған. Алғашқы петиция Epetition.kz платформасында 9 шілдеде жарияланған, алайда авторлардың айтуынша, модерациядан өтпеген. Енді қала тұрғындарының пікірін ресми түрде жинау үшін бастама қайта жарияланды.
Петиция авторлары ашық арықтарды қала инфрақұрылымының маңызды бөлігі деп санайды. Олардың пікірінше, арықтар жаңбыр мен еріген қар суын ағызуға, жасыл желекті суаруға және Алматының микроклиматын сақтауға көмектеседі. Петицияда арықтарды бетон плиталармен жабу су басу қаупін арттырып, ағаштардың жағдайына кері әсер етуі мүмкін екені айтылған.
Бұған дейін әкімдік қала арық жүйесінен бас тартпайтынын мәлімдеген. Биліктің түсіндіруінше, арықтардың суды бұру қызметі сақталады, ал жүргізіліп жатқан жұмыстар жүйені қауіпсіз әрі сенімді етуге бағытталған.
Материал дайындалған сәтте петицияға 75 адам қол қойған. Оны әрі қарай қарау үшін жарияланған күннен бастап алты ай ішінде 50 мың қол жинау қажет.