Алматылықтар арықтардың бетін бетонмен жабуға қарсы: Әкімдік петицияға жауап берді
Әлеуметтік желіде арықтардың бетін бетон плитамен жабуға қарсы петиция пайда болды.
Алматы тұрғындары қаладағы ашық арық жүйесінің бетін бетон плиталарымен жабуға қарсы шығып, әкімдікке, қалалық мәслихатқа және Экология және табиғи ресурстар министрлігіне петиция жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Петиция авторларының айтуынша, Алматының арық жүйесі - жай ғана су бұру арналары емес, қаланың гидрологиялық, экологиялық және климаттық тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бірегей инженерлік кешен. Олар ашық арықтарды бетонмен жауып, жер асты қораптарына айналдыру мегаполистің қауіпсіздігіне, экологиясына және тарихи келбетіне кері әсер етеді деп есептейді.
Тұрғындардың пікірінше, жаз мезгілінде Алматының тығыз салынған аудандарында ауа температурасы тау бөктеріне қарағанда бірнеше градусқа жоғары болады. Ал таудан ағатын суы бар ашық арықтар көшелерді табиғи жолмен салқындатып, қаладағы микроклиматты жақсартуға ықпал етеді. Сондықтан арықтарды бетон плиталарымен жабу бұл табиғи салқындату тетігін жояды деп санайды.
Жасыл желекке қауіп төнеді
Петицияда Алматыдағы ағаштар ұзақ жылдар бойы ашық арықтар мен жер асты сулары арқылы ылғал алып келгені айтылған. Соңғы жылдары жер асты суларының деңгейі төмендегендіктен, арықтарды толық оқшаулау топырақтың табиғи ылғалдануын бұзып, жасыл желектің әлсіреуіне немесе қурауына әкелуі мүмкін деген уәж келтірілген.
Ауа айналымына әсер етеді
Құжат авторлары Алматының тау мен жазық арасындағы табиғи ауа айналымы ерекше екенін атап өткен. Олардың айтуынша, оңтүстіктен солтүстікке қарай орналасқан көшелер мен арықтар табиғи аэрациялық дәліз қызметін атқарады. Ашық су арналары мен асфальт арасындағы температура айырмашылығы ауа қозғалысын күшейтіп, түтін мен зиянды заттардың таралуына ықпал етеді. Ал арықтарды тұтас бетонмен жабу ауа алмасуын нашарлатып, тұмшаның күшеюіне әсер етуі мүмкін.
Петиция авторлары арықтарды жабу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы емес екенін айтады. Олардың пікірінше, бұл мәселені сапалы жарықтандыру, қоршаулар орнату, қауіпсіз өткелдер салу, тактильді бағыттау элементтері мен инфрақұрылымды тұрақты күтіп ұстау арқылы шешуге болады.
Сондай-ақ тұрғындар уақыт өте келе бетон плиталардың шөгіп, жарылып немесе жылжып кетуі жаяу жүргіншілер үшін жаңа қауіптер туғызатынын алға тартқан. Бұдан бөлек, ашық арықтар жол-көлік оқиғалары кезінде көліктердің тротуарға шығып кетуіне кедергі болатын қосымша тосқауыл қызметін атқарады деп есептейді.
Су басу қаупі артуы мүмкін
Петицияда Алматы нөсер жауын-шашын жиі болатын өңірлердің бірі екені айтылған. Авторлардың пікірінше, арықтарды жабу олардың су өткізу мүмкіндігін төмендетіп, жапырақтар мен тұрмыстық қоқыстардан тазартуды қиындатады. Соның салдарынан көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын және тұрғын үйлердің жертөлелерін су басу қаупі артуы мүмкін.
Тұрғындар бұл тәжірибе Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіндегі азаматтардың қолайлы қоршаған ортаға құқығын және "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңдағы инфрақұрылымды жаңғырту кезінде халық пікірін ескеру талаптарын бұзады деп есептейді.
Сонымен қатар, олар әлемнің көптеген елінде Daylighting тұжырымдамасы аясында бұрын жабылған қалалық су арналары қайта ашылып жатқанын мысалға келтіріп, Алматының керісінше бағытта жүрмеуі тиіс екенін атап өткен.
Тұрғындардың талаптары
Петиция авторлары қала билігінен:
- Алматы аумағында ашық арықтардың бетін бетон плиталарымен жабуға мерзімсіз мораторий жариялауды;
- бұрын жабылған арықтарды кезең-кезеңімен қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеуді;
- ашық су жүйесін сақтай отырып, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірыңғай қалалық стандарт қабылдауды;
- арық жүйесін тұрақты түрде тазалау, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді талап етті.
Петиция соңында тұрғындар ашық арықтарды сақтау тек абаттандыру мәселесі емес, сонымен қатар экологиялық қауіпсіздік, қаланың тұрақты дамуы және Алматының тарихи келбетін қорғау мәселесі екенін атап өтті.
Арықтар - Алматының тарихының, табиғатының және мәдени болмысының ажырамас бөлігі. Оларды бүгінгі және келешек ұрпақ үшін сақтап қалуға шақырамыз, - делінген петицияда.
Әкімдік не дейді?
Алматы әкімдігі қаладағы арық жүйесін жаңғырту аясында оның тек шамамен 15%-ы ғана жабылатынын мәлімдеді. Ведомствоның редакцияға берген мәліметінше, бетон плиталарымен жабу тек қауіпсіздік, пайдалану және кешенді абаттандыру тұрғысынан қажет болатын жекелеген учаскелерде ғана жүргізіледі.
Арық жүйесінің Алматының тарихы мен дамуында маңызды орны бар. Сондықтан абаттандыру жұмыстары барысында арықтарды жою көзделмеген. Керісінше, олардың негізгі инженерлік қызметі - жауын-шашын мен еріген суды бұру функциясы толық сақталады, - делінген жауапта.
Сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстар арық жүйесін қазіргі заман талаптарына сай жаңғыртуға бағытталғаны атап өтілді. Әкімдік мәліметінше, жекелеген бөліктерді жабу жаяу жүргіншілердің жарақат алу қаупін азайтуға, қоқыс пен лайдың жиналуын болдырмауға және инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте жүйені кейіннен күтіп ұстау үшін арнайы технологиялық люктер мен торлар қарастырылған.
Қала әкімдігі қазіргі урбанистикалық даму тиімді су бұру жүйесі мен тұрғындардың қауіпсіздігін қатар қамтамасыз етуді талап ететінін айтады. Сонымен қатар, Алматыдағы қолайлы микроклиматты қалыптастыруда негізгі рөлді ағаштар, бұталар және абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер атқаратынын жеткізді.
Осылайша, әкімдік өкілдерінің сөзінше, сөз арық жүйесінен бас тарту туралы емес, оны қазіргі қала талаптарына бейімдеп, жаңғырту туралы болып отыр.