Алматылықтар "Амал" мерекесін тойлады

Көктөбеде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматылықтар көктемнің келуімен бір-бірін құттықтап, "Бір жасыңмен!", "Ақ мол болсын!", "Амал мерекесі құтты болсын!" деген тілектерін жаудырды.

Наурыз – сәні мен салтанаты бөлек мереке ғой. Наурызды тойлау бір күнмен шектелмейді. Көрісу – қазақтың ғажап дәстүрлерінің бірі. Ықылым заманнан бері келе жатқан керемет дәстүріміз осы күнге дейін Батыс өңірінде сақталып қалған. "Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып" деп ақын Абай жырлағандай, Көрісу дәстүрі – Наурыз тойының бастамасы. Дәл осы күні әсем шаһарымыздың тұрғындары Наурыздың мерекелік лебін сезіну үшін Көктөбеде наурыз көже мен ыстық бауырсақ таратылды. Сондай-ақ Көктөбедегі аспалы жол тегін болды, – дейді Жанар есімді қала тұрғыны. 

Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған мерекелік шарада эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

Немерелерін жетектеген ақ жаулықты әжелер мен аналар, жастар, үлкен-кішінің барлығының жүзінен қуаныш сезілді. Зерлі шапан, оюлы бешпет, құндыз бөрік, аппақ кимешек пен бүрмелі көйлек киген өнер иелері Көктебені ән мен жырға бөледі. Концертке жиналған қауым рухты ән тыңдап, би биледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы