Алматылықтар 7 балдық жер сілкінісін сезінді

Алматыдағы «Астана» алаңында жер сілкінісі симуляторы қойылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматыда Төтенше жағдайлар департаменті Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін мерекелеуге орай «Астана» алаңында  көрме ұйымдастырды. 

Онда бір жыл бұрын құтқарушылармен бірге Түркияға барған өрт және құтқару  техникалары мен құрал-саймандар көрсетілді.

1996 жылдан бастап Қазақстан Республикасы – Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының толыққанды мүшесі және оның қызметінің негізгі бағыттарын іске асыруға белсенді қатысады. Жыл сайын Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар ұйымдастырады. Бүгін Азаматтық қорғаныс күнін мерекелеу құрметіне «Астана» алаңында Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан өрт және құтқару  техникасы, құрал-саймандары қойылып, кинологиялық есептердің қатысумен көрме өткізіліп жатыр. Сондай-ақ Сейсмология институты «I2NIK» мекемесімен бірлесіп жер сілкінісі туралы ерте хабарлаудың автоматтандырылған жүйесінің презентациясын көрсетті, – деді Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, подполковник Бекболат Бұғабаев.

Сонымен қатар Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері «Астана» алаңына келген алматылықтардың жер сілкінісін практика жүзінде сезініп көргендерін айтып өтті.

ҚР Қызыл жарты ай қоғамы төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар және зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсету бойынша тренингтер өткізді. Оған қоса халыққа жер сілкіністерін имитациялауға қабілетті мобильді жер сілкінісі симуляторы көрсетілді. Яғни қала тұрғындары, оқушылар мен студенттер сол симуляторға кіріп, 9 балға дейінгі жер сілкінісінің толқындарын сезе алады. Адам жер сілкінісі туралы теориялық хабары болатын болса, мына жерде практика жүзінде өзін тексерсе болады. Оның ішінде шынымен жиһаздар құлайды, сонда үй ішінде қандай жер қауіпсіз екенін анық көруге болады.  Бүгін келген адамдарға симулятор арқылы 6-7 балдық сейсмикалық толқындар көрсетілді. Бұл қауіпсіздік мәдениетін көтеру мақсатында істеліп отыр, – деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы