Бүгiн 2026, 14:47 Фото: Алматы әкімдігі

Алматылық жүргізушілерге бір көшенің бір айға жабылатыны ескертілді

29 маусымнан 29 шілдеге дейін Жуалы көшесінің Төле би көшесі мен Райымбек батыр даңғылы аралығындағы бөлігі көлік қозғалысы үшін жабылады.

Алматыда Жуалы көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысы шамамен бір айға шектеледі. Бұл Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жобасының жүзеге асырылуына байланысты.

Қала әкімдігінің мәліметінше, 29 маусым сағат 08:00-ден 29 шілде сағат 08:00-ге дейін Жуалы көшесінің Төле би көшесінен Райымбек батыр даңғылына дейінгі аралығында қозғалыс толық жабылады.

Шектеу инженерлік желілерді қайта орналастыру жұмыстары жүргізілетіндіктен енгізіліп отыр. Айналма жол Байкен Әшімов, Жұманязов көшелері арқылы әрі қарай Төле би көшесімен ұйымдастырылады.

Жөндеу жүріп жатқан аумақта ескерту жол белгілері мен мердігер ұйым басшысының байланыс деректері көрсетілген ақпараттық тақталар орнатылады.

Жүргізушілерден жолға шығар алдында бағытын алдын ала жоспарлап, қаладағы қозғалыс сызбасындағы өзгерістерді ескеруді сұрайды.

Қазіргі таңда қолданыстағы барлық жол шектеулері туралы ақпаратты @AlmatyJoly Telegram-арнасынан, сондай-ақ Алматы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшаларынан және 2GIS пен «Яндекс Карталар» навигациялық сервистерінен білуге болады.