Алматылық волонтерлер зардап шеккен өңірлерге 592 тонна гуманитарлық көмек жіберді

Көмек жинау пунктінде 30-дан астам ірі волонтерлік ұйымдар, 200 волонтер және 100-ден астам курсанттар көмектескен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы еріктілер фронт-кеңсесінің басшысы, «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрағасы Бағдат Анарбаева мәлімдеді.

Күн сайын еріктілер фронт-офисінің колл-орталығына қала тұрғындарынан 1000-нан астам қоңырау келіп түсті. Гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне күніне 500-ден астам адам келді. Көмек жинау пунктінің жұмысына қаланың 30-дан астам ірі волонтерлік ұйымдары, 200 волонтер және радиоэлектроника және байланыс әскери - инженерлік институтының 100-ден астам курсанттары жұмылдырылды, – дейді Бағдат Анарбаева.

Осы жылдың 29 наурызы мен 15 мамыры аралығында 592 тонна гуманитарлық көмек жиналды (200 тонна – азық – түлік, 147 тонна – гигиеналық құралдар, 70 тонна – киім, қалған 35 тонна-тұрмыстық заттар), олардан жөнелтілгендері: 

- Оралға 70 тонна (40-авиарейспен, 30-фурамен);
- Ақтөбе облысына 44 тонна (40-фураммен, 4-авиарейс);
- Атырау облысына 268 тонна (13-авиарейспен, 253-фурамен);
- Қостанай облысына 70 тонна (10-жүк көлігі, 60-фура);
- Петропавлға 140 тонна (65 – жүк көлігі, 35 – "Mitsubishi Delica" маркалы автомобильдер, 40-фурамен).
Брифингке қатысқан «Jas Live» жастар медиа-орталығының басшысы Мейіржан Келмеденов еріктілердің су басқан аудандардың тұрғындарына қалай көмектескенін айтып берді. 

Еріктілердің негізгі бөлігі гуманитарлық көмекті қабылдау, орау және жинақтау жұмыстарына тартылды. Сонымен қатар, еріктілердің жекелеген бөлігі зардап шеккен аймақтарға тікелей көмек көрсетті. Алматы қаласынан еріктілер Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына жіберілді. Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінде 10 тонна гуманитарлық көмек жіберіліп, Орал қаласына еріктілер жіберілді. Содан кейін біз өңірлердің қажеттіліктеріне қарай Алматыдан Атырау облысы мен Ақтөбе қаласына 50 - ге жуық ерікті жібердік, - деді Мейіржан Келмеденов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы