Алматылық тұтынушыларға 100 млн теңге қайтарылды
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұрғындардан 4 мыңға жуық өтініш келіп түскен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев мәлімдеді.
Азаматтар сапасыз тауарды айырбастай алмайтындығына немесе ақшаны қайтара алмайтындығына шағымданды. Көбінесе азаматтар жиһаз жасау және жөндеу қызметіне арызданады. Өтініштердің негізгі үлесі бөлшек және электрондық сауда саласында, сапасыз көрсетілетін қызметтерге келіп түседі. Жыл басынан бері алматылықтардың 4 мыңға жуық өтініші қаралып, 100 918 331 теңге қайтарылды, - дейді Нұрлан Әбдиев.
Ол тұрмыстық қызмет көрсету саласында тұтынушылар көбінесе сапасыз қызмет алатынын атап өтті.
Департамент тұтынушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сотқа дейінгі талаптарды жасауда құқықтық көмек көрсетеді және сотқа үшінші тұлға ретінде қатысады. Департамент ТКШ қызметтері, сондай-ақ білім беру, медицина және қоғамдық тамақтану және байланыс салаларына қатысты өтініштерді қаланың жергілікті атқарушы органдары, ішкі істер органдары және ұялы операторлармен бірлесіп пысықтайды, - дейді Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Әбдиев.
Заңды құқықтары бұзылған жағдайда, азаматтар Мақатаев көшесі, 45 мекенжайы бойынша "Фемида" тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық орталыққа жүгіне алады.