20 Шілде 2026, 15:00 Фото: Фото: Threads

Алматылық тұрғын үйдің қасбетін жөндеу сапасына күмән келтірді: Әкімдік жауап берді

Шағымға Алматы қаласы әкімдігі жауап берді.

Алматы тұрғыны Александр Злобин әлеуметтік желіде Назарбаев даңғылындағы тұрғын үйдің қасбетін жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жазбасында аталған нысанға құрылысқа техникалық қадағалау жүргізетін мамандарды жіберуді сұрады.

Кімге жазарымды білмеймін. Назарбаев даңғылы, 165 мекенжайына қалыпты техникалық қадағалау мамандарын жіберіңіздерші. Мұндағы жұмысшылар қасбетті жөндеу технологиясын бұзып жатыр. Қатты жел тұрмақ, мұндай қасбет өзінен-өзі құлап қалуы мүмкін. Материалдың сапасы туралы айтпай-ақ қояйын, бірақ қабырғаға дюбельмен бекітілген тор – кейін қасбеттің сыпырылып түсуіне әкеледі. Технология бойынша тор сылақтың ішіне шамамен 30 пайызға енгізілуі керек. Қазір ол өзінің негізгі қызметін атқарып тұрған жоқ. Осындай кемшілік бар басқа бір үйдің видеосын да қоса жарияладым, – деп жазды Александр Злобин.

Фото: Threads

Бұл жазбаға Алматы қаласы әкімдігі жауап беріп, мекенжайдағы жөндеу жұмыстары құрылыс талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Әкімдіктің мәліметінше, 1964 жылы салынған тұрғын үйдің ескі сылағы уақыт өте келе жарамсыз болып, үгітіле бастаған.

Назарбаев даңғылы, 165 мекенжайындағы қасбетті жөндеу жұмыстарына қатысты жағдайды түсіндіргіміз келеді. Бұл үй 1964 жылы салынған. Ескі сылақ өзінің пайдалану мерзімін толық өтеп, үгітіле бастағандықтан жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта барлық жұмыс құрылыс нормаларына сәйкес жүргізіліп жатыр. Қабырға беті арнайы құраммен өңделеді, ал арматуралық шыныталшықты қасбеттік тор технология талаптарына сай толықтай негізгі желім қабатына енгізіледі, – делінген әкімдік жауабында.

Сондай-ақ әкімдік мердігер компания бұл нысанда пеноплекс материалын қолданбайтынын ерекше атап өтті.

Жазбада көрсетілген бүлінген қасбет туралы видео басқа ғимаратта түсірілген және Назарбаев даңғылы, 165 мекенжайындағы жөндеу жұмыстарына ешқандай қатысы жоқ. Нысандағы жұмыстардың сапасын құрылыс бақылауы мен техникалық қадағалау мамандары тұрақты түрде тексеріп отырады. Егер қандай да бір ауытқу анықталса, мердігерге оны міндетті түрде жою туралы нұсқама беріледі, – деп хабарлады әкімдік.