Алматылық студенттер хостелдерге жатады
Алматылық студенттер хостелдерге жатады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қалаға жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министр студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ететін ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты. Орталық қызметкерлері тәулік бойы демалыссыз студенттерді жатақханаға орналастыру және қолдау жұмыстарын атқарады.
Қазіргі таңда жатақхана тапшылығын шешу мақсатында үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Біріншісі – құрылыс бағыты. Студенттер үйін салу үшін субсидиялық нормативтер өзгертілді. Қазір жеке меншік құрылыс компанияларымен белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз. Екінші бағыт – хостелдермен, қонақүйлермен арнайы келісімшартқа отыру. Бүгінде Алматы қаласында 60-қа жуық хостелмен келісімшартқа қол қойылды. Үшінші бағыт бойынша әр университетте ахуалдық орталық құрылып, белсенді жұмыс істеп жатыр, – деді министр.
Сонымен қатар С.Нұрбек университет басшыларына тамыздың 15-не дейін жатақханалардағы жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, хостелдардағы санитарлық талаптарды тексеруді және әр студенттің қауіпсіздігіне жіті назар аударуды тапсырды.