Алматылық "өрмекші адам": Биік шыңға дайындықсыз шықтым

Акробат Абай Оразбаев әлеуметтік желілерде “Өрмекші адам” атымен танылған. Қиын да күрделі трюктерді жасап жүрген каскадермен Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі тілдескен еді.

Алматы қаласында қиын трюктерді жасап жүрген Абай Оразбаев әлеуметтік желі қолданушыларының жұлдызына айналды. Оның бейнеролигінде қаланың тұмса табиғаты да көркем бейнеленген.

- Сіздің каскадер, акробат екеніңіз белгілі. Бұл салаға қалай келдіңіз? Ептілігіңіздің сыры неде?

- Мен кішкентай кезімнен, 5 жасымнан бастап акробатикамен айналысатынмын. Осы салаға ебім байқалатын. Өзіміз төртінші қабатта тұрғандықтан, балконнан-балконға секіріп, көршілерімізге көмек беретін едім. Орта мектепті бітіргенен кейін Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжіне оқуға түстім. Бір қызығы, менің арманым әнші болу еді. Дегенмен тағдыр маған акробатика саласында білім алуды бұйырған екен. Қазір осы салада еңбек етіп, әртүрлі трюктерді жасап жүрген жайым бар. Бұл сала өзіме ұнайды. Қызықты дүниелерді жасап көріп, өзімді шыңдағым келеді.

- Қиын трюктерді жасауда сәтсіз жағдайлар бола ма? Осы саладағы қызықты оқиғаларыңызды айтып берсеңіз.

- Біздің салада жасауы қиын трюктер өте көп болады. Оны жасап үйренуге де біраз уақытымыз кетеді дегендей. Бірақ біз қиын трюктерге әбден үйреніп қалғанбыз. Қызықты әрі қауіпті жағдай болған оқиғаларға тоқтала кетсек. Біз "Азия таланты" деген шоуға қатысқан едік, сол жерде секірем деп аяғымды ауыртып алған едім. Дайындық күні аяғым қайырылып, тіземдегі тамырым үзілып кеткен еді. Ал келесі күні теледидарда өнер көрсету керек болған. Сол кезде амал жоқтықтан аяғымды орап, ауруды сездірмейтін дәрі салып, өнер көрсетіп шыққанбыз. Жалпы, әр саланың өзінің қызықтары бар ғой. Біздің бағытта тіптен көп деп айтар едім.

- Күні кеше әлеуметтік желіде шыққан видео жайлы айта кетсеңіз. Бұл қалай болды? Қалай шықтыңыз? Төбеден қалаға қарау қорқынышты емес пе? Осы трюкті сәтті аяқтағанда сезіміңіз қандай болды?

- Парақшама контент түсіру үшін әртүрлі биік жерлерде трюк орындайтынмын. Жақын досым бір жердің биік екендігін, қаланың әдемі көрінетінін айтты. Мен сол төбеге ешқандай дайындықсыз, сақтандырусыз шығып кеттім. Қорқыныш әрбір адамда болады ғой. Дегенмен өзім биіктіктен аса қорыққан жоқпын. Сол себептен де бұл трюк сәтті шықты деп ойлаймын. Төбеге шыққаннан кейін қаланың әдемілігін көріп, тіпті түскім келмей қалды. Алматыны жоғарыдан қараған ұнап қалды. Халық арасында “Өрмекші адам” болып танылғандықтан, осы сарындағы видеолар көп болатын секілді. Болашақта Алматыны төбеден түсіріп, қаланың көрікті табиғатын көрсететін боламын.

- Тұрғындардың көпшілігі сіздің жұмысыңызға таңданыспен қарап, реакциялары көбейді. Тіпті кейбірі сізді "Өрмекші адам" деп айтып кетті, бұған не дейсіз? Қоғамның ой-пікірі жұмысыңызды әрмен қарай жақсартуға септігін тигізіп жатыр ма?

- Әлеуметтік желілерде видео жарияланған кейін адамдардың пікірін оқып жатырмын. Қолдау білдіргендерге алғысымды айтамын. Шынын айтқанда, біз басқа видео түсірген едік. Соңғы жағында әзіл ретінде осы видеоны салған едік. Дегенмен халыққа бұл бейнеролик ұнап, жағымды пікір қалдырды. Тіпті арнайы ат қойып жатыр. Жалпы, бала кезімнен “Өрмекші адамның” образы өзіме ұнайтын. Трюктерін қайталап, киноға түсуді армандайтын едім. Енді қарап отырсам, сол арманым орындалған секілді.

- Болашақтан қандай трюктер жасамақшысыз?

- Қазіргі уақытта Көшпенділер ойынында өнер көрсетіп жүрміз. Осы ойындарды жақсы аяқтаған соң, алдағы уақытта істейтін жұмыстар өте көп. Таудың үстінде де, үйдің үстінде де істейтін трюктер көп болмақ. Қорқынышты әрі қызықты видеолар түсірлмек. Сол себептен күтіңіздер, қолдау білдіріңізлер дегім келеді адамдарға. Жалпы, ісіңнің еленіп, халыққа ұнауы біз үшін зор қуаныш.

-Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: кейіпкердің мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы