Алматылық ғалымдардың жобалары таныстырылды

Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым апталығы ұйымдастырылды. Еліміздің жоғарғы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының жобалары ұсынылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі.

Аталмыш шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мақсат Қиқымов және өзге де белгілі тұлғалар қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология факультетінің ғалымдары микробалдырлар негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар жобасын ұсынды. Жоба жетекшісі, профессор Болатхан Заядан жобаның басты жаңалығы көптеген салаға қажетті қауіпсіз биопрепараттар дайындау екенін алға тартты. 
Ғалымның айтуынша, фототрофты микроорганизмдер тобына кіретін микробалдырлар мен цианобактериялар – көптеген құнды биологиялық белсенді қосылыстардың көзі. Сондай-ақ аграрлық, медициналық, косметикалық және тағам өнеркәсібінде қауіпсіз биопрепараттар алуға үлкен қызығушылық тудырады.

Сонымен қатар ҚазҰУ-дың жас ғалымы Асан Әбдірахым қызметкерлердің қатты шаршауын болдырмауға арналған «GoDays» стартапы жайлы айтты. Аналитикалық құрал жасанды интеллектіге негізделген.

Жоба эмоционалдық шаршаудың алдын алуға және жұмыс жүктемесі мен кестесін қызметкердің ең тиімді жұмыс уақытына сәйкес реттеуге көмектеседі, – дейді ізденуші.

Көрмеден соң ғылым мен бизнестің табысты әріптестігі мәселелеріне арналған пленарлық отырыс өтті. Сонымен қатар жиын аясында «Қазіргі жағдайдағы ғылым мен бизнес интеграциясы» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы