Алматылық балаларға 1 мыңға жуық кітап табысталды

Алматыда «Сәби оқулары» жобасы басталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Жоба аясында әлеуметтік осал топтағы балаларға мыңға жуық кітап табысталды. Аталмыш жоба «Сәби» қоры мен Steppe&World баспа үйінің бастамасы негізінде іске асырылып жатыр.

Алматыда «Сәби оқулары» жобасы аясында алғашқы кітап сөресі SOS Алматы балалар қалашығына табысталады. Жоба негізінде «Сәби» қоры арнайы кітап сөрелер жасатып, ал Steppe&World баспа үйі бұл сөрелерді қазақ тіліндегі әлемдік бестселлер кітаптармен толтырды.

Біздің хоспис мекемелер мен балалар үйі сынды балалары бар мекемелерге кітап беру туралы ойымыз болған. Айтылған идеяны іске асыру үшін біз «Сәби» қорына жүгіндік. Жарты жылдан кейін жобамыз іске асып отыр. Жалпы баспа үйіміз шығарған кітаптардың 80%-дан астамы – балалар әдебиеті. Әлеуметтік қиын жағдайда өскен балаларға эмоционалды даму қажет. Оған кітап оқу өте жақсы көмектеседі, – деді баспа үйінің директоры Раиса Қадыр.

«Сәби оқулары» жобасының негізгі мақсаты – жастар, әсіресе әлеуметтік осал топтағы балалар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру. Алдағы уақытта бұл жоба қазақ тіліндегі балалар әдебиетін халыққа кеңінен таныту, ілгерілету бағытында жұмыс істейді.

Жобаның бірінші кезеңінде Алматы қаласы бойынша 5 әлеуметтік мекемені қамтып отырмыз. Баспа үй тарапынан мыңға жуық кітап берілді. Ары қарай бірлескен жұмыс аясында еліміздегі өзге өңірлерде де бұл жобаны іске асыру жоспарда бар. Қор 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Біз қазақ тілін, қазақтың мәдениетін, әдет-ғұрыптарын насихаттау бағытында жұмыстар атқарады, – деді қордың жоба жетекшісі Рысжан Кержикова. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы