Алматылық әйел он төртінші баласын дүниеге әкелді

Алматы, BAQ.KZ. Алғыс айту күні қарсаңында қалалық перинаталды орталықтан 14-ші баласын босанған ана үйіне шығарылды. Алматылық Елена Бородюктің 7 ұл, 7 қызы бар. «Балаларымның бәрін еш қиындықсыз, өзім дүниеге әкелдім» деген ана дәрігерлерге алғысын білдірді. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Құдайдың бергенін қуана қабылдаймыз, әрине. Сондықтан үлкен отбасы болып отырмыз. Қазір тұңғышымның өзі әке атануға дайындалып жүр. Не болса да, бастысы, басымыз аман болсын! - дейді қала тұрғыны Елена Бородюк.

Жаңа туған нәрестенің әкесі Павел Бородюк қатты уайымдағанын айтады.

Бәрінің сәтті болғаны қуантады. Уайымдадық, екеуінің де денсаулығына алаңдадық. Он төртінші балам ғой. Құдайдан «Ең бастысы, дені сау бала бер гөр» деп сұрадық, - дейді көп балалы әке.

Мамандардың айтуынша, сәби бойы 55 см, ал салмағы 4 келіден асып дүниеге келген. Қазір ананың да, баланың да денсаулығы бірқалыпты.  

Жоғарғы топтағы қауіп-қатердегі қан кету болғандықтан, бүкіл ұжым болып атсалысып, он төртінші баласын, қыз баласын аман-есен дүниеге алып келді. Салмағы 4 келіден астам қыз бала дүниеге келді, - деді қалалық перинаталдық орталығы бас директорының орынбасары Жәмила Исаева.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы