Алматылық әйел көзінің түсін өзгертемін деп жанарынан айырылып қала жаздады
Алматылық әйел шетелде көзінің түсін өзгерткеннен кейін ауыр асқынуларға тап болды.
Отадан кейін пациентте күрделі мәселелер - глаукома (көз қысымының артуы) және қасаң қабықтың бұлдырауы дамыған. Салдарынан ол көру қабілетінен толықтай дерлік айырылған. Бір көзі мүлдем көрмей қалса, екіншісі тек жарықты ғана ажырата алған. Әйелге І топтағы мүгедектік тағайындалды.
Көмек іздеген ол Қазақстанның және шетелдің түрлі клиникаларына жүгінгген. Бірақ, оның көру қабілетін қалпына келтіруді көбісі мойнына алмаған.
Пациентке Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының мамандары, офтальмолог Гүлзат Әбдірайымова көмектесті.
Дәрігерлердің айтуынша, жағдай көз ішіндегі қысымның тым жоғары болуымен және ота кезіндегі ауыр асқыну - көру қабілетін біржола жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін экспульсивті (кенеттен болатын) қан кету қаупімен қиындаған.
Сәтті өткен ота және нәтиже
Жоғары тәуекелдерге қарамастан, дәрігерлер шамамен екі сағатқа созылған аралас ота жасады. Пациентке көз ішіндегі қысымды төмендету және қасаң қабықты ауыстыру отасы жасалды.
Нәтижесінде науқастың жағдайын тұрақтандырып, отаға дейін тек жарықты ғана ажырата алған көзінің көру қабілетін қалпына келтіру мүмкін болды. Қазіргі уақытта пациент әрі қарай емделуден және оңалтудан өтіп жатыр.
Айта кетейік, қасаң қабықты трансплантациялау офтальмологиядағы ең күрделі оталардың бірі болып саналады. Алматы қалалық ОҚКА-да мұндай араласулар донорлық бағдарлама аясында жүргізіледі.
Жыл басынан бері мамандар осындай 12 ота жасап, пациенттерге көру қабілетін сақтап, қайтаруға мүмкіндік берді.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте туғанына 10 күн болған сәбидің көзіне ота жасалғаны хабарланды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Павлодарда көзіне қайшы тығып алған 3 жасар қызға ота жасалды
Дәрігер: Глаукома – көру қабілетіне төнген үнсіз қауіп