Алматылықтарды КВИ-ге қарсы күрес шараларын күшейтуге шақырамыз – санэпидбақылау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 19 980 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте мегаполисте коронавирус инфекциясына 122 науқастан ПТР-тестілеудің оң нәтижесі анықталды. 

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлауынша, 2020 жылғы желтоқсан айының бірінші онкүндігімен салыстырғанда коронавирустық инфекция бойынша сырқаттанушылықтың 1,7 есе өсуі тіркелді.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын карантин шаралары - әлеуметтік қашықтықты, бетперде режимінің сақталуын күшейтуге, сондай-ақ мүмкіндігінше жабық үй-жайларда ұзақ уақыт болудан бас тартуға шақырады.

Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, аурудың ең көп таралуы 20-39 жас аралығында – 35% және 40-59 жас аралығында - 31% байқалады. Бұл жаңа жыл алдындағы және келесі демалыс күндері корпоративтік кештерді өткізумен және сауда нысандарына барумен байланысты. 

Жұқтырудың негізгі орындары қоғамдық орындар (сауда, қоғамдық тамақтану нысандары) – 41%, отбасылардағы байланыс – 27% және қоғамдық көлік – 21% болып табылады. Осыған байланысты алматылықтарға сақтық шараларын қатаң сақтау, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, бетперделерді дұрыс пайдалану, жеке гигиенаны сақтау, зейнеткерлер тұрғын үйден шығуын шектеу қажет, - делінген хабарламада.

Респираторлық инфекциялардың белгілері пайда болған жағдайда жеке бөлмеде оқшауланып, учаскелік дәрігерді үйге шақыру және коронавирустық инфекция диагнозы қойылған кезде жақын адамдарының, туыстары мен көршілерінің жұқтыруын болдырмау үшін карантиндік стационарға жатқызудан бас тартпау керек.

Айта кету керек, инфекцияның сырттан келу жағдайларының тіркелуі жалғасуда. 2020 жылғы 6 қазандағы кезеңнен бері коронавирустық инфекцияның 77 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте Дубай – Алматы рейсімен келген жолаушыларда коронавирус инфекциясының 2 жағдайы анықталды.

Сонымен бірге әлемде COVID-19 жағдайы ушыға түсті. Елдер алдын алу шараларын күшейтуде. Мысалы Нидерландыда шектеулерді 9 ақпанға дейін ұзартты. Италияның денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанца Парламентке төтенше жағдайды 30 сәуірге дейін ұзарту туралы хабарлады. Швейцария коронавируспен күресу үшін карантинді одан әрі күшейтіп, 22 қаңтардың орнына оны қыстың соңына дейін жалғастырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы