Алматылықтар отандық «QazVac» вакцинасын салдырып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Алматыда коронавирусқа қарсы отандық «QazVac» вакцинасын салу басталды.

Алматыдағы MegaPark ойын-сауық орталығында болып, ондағы вакцинациялау жұмыстарымен таныстық.


Мамандар таңғы сағат 10-ға дейін 30 адам отандық вакцинаны салдырғанын айтты. Әдетте күніне 250-дей адам екпе алады екен.


Қалалық №5 емхананың Бала бөлімінің меңгерушісі Гүлзат Байзақова «QazVac» вакцинасының ерекшеліктері жайлы айтып берді.


Бүгін бізге 100 доза вакцина жеткізілді. Бұның ресейлік вакцинадан айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Отандық вакцинаны 2-8 градуста сақтауға болады. «Спутниктің» бір ампуласында 5 доза болатын, мұнда бір доза. Алғаш рет отандық вакцинаны қаңтарда 2 мыңдай дәрігер алған, олардың жағдайы жақсы және екпе өз тиімділігін көрсетті. Алмалы ауданында осындай екпе салатын 12 орын құрылған, бүгіннен бастап оларда «QazVac» салынып жатыр, - дейді дәрігер.

Вакцина салдыруға келген Ерболат Тұрлан есімді қала тұрғыны отандық вакцинаны қолдау үшін осы күнді күткенін айтады.

Бұл індетті тек екпе арқылы ғана жеңе аламыз деп ойлаймын. Вакцина салған соң жарты сағат отыра тұр деді. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Енді үш аптадан соң 2-компонентін аламын. Жалпы отандық вакцинаны салдыру шарт деп ойлаймын. Бастысы, өз еркіммен келдім, - дейді қала тұрғыны.

Вакцина алған тағы бір тұрғын Ғалия Сатыбалдиева отбасында бірінші болып вакцина алғанын айтады.

Вакцина салдыруға ешкім мәжбүрлеген жоқ, өз еркіммен келдім. Қазақстанның вакцинасын салдырдым. Осы маңда типографияда жұмыс істеймін. Бұған дейін коронавируспен ауырғам жоқ, содан қорғану үшін екпе алуды жөн көрдім, - дейді ол.

«QazCovid-in» вакцинасын Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген және Жамбыл облысындағы фармацевтикалық зауытында өндірілген. Алматыға вакцинаның 1 және 2 компоненті бойынша 6000 доза жеткізілген, яғни 3 мың адамға есептелген.



Қала тұрғындары ресейлік «Спутник V» және отандық «QazVac» вакцинасының біреуін таңдай алады. 


Мамандардың айтуынша, «QazVac» өлі вирустан жасалған вакцина. Екпе кезінде оның 0,5 мл/дозасы енгізіледі. Сондай-ақ 2-8 градус температурада сақталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы