Алматылықтар екі күн бойы корей мәдениетімен таныса алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Nomad City Hall концерт залында корей мәдениеті фестивалі өтті. Енді бұл фестиваль Алматыда жалғасын таппақ.

Фестивальді Корея Республикасы елшілігі жанындағы Корей мәдени орталығы Корея мен корей мәдениетін сүйетін адамдарға ризашылық білдіру мақсатында ұйымдастырды.


Фестиваль Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театры әртістерінің корей дәстүрлі өнері концертімен ашылды. Іс-шараның келесі күні Кореядан арнайы шақырылған «ICU» және «N. CUS» K-POP топтарының қатысуымен кореялық музыканың концертіне ұласты.

Корей мәдениеті фестивалі - бұл бүкіл әлемдегі адамдар Корея мен корей мәдениетімен танысып, ол туралы көбірек мағлұмат алуға арналған мәдени іс-шара. Корей мәдениеті фестивалі тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Ресей, Франция, Бельгия және басқа да елдерде өтеді. Осылайша, бұл елдердің тұрғындары корей мәдениетінің түрлі аспектілерімен танысуға мүмкіндік алады.


Қазақстандағы корей мәдениеті фестивалі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, сондай-ақ қазақстандықтардың Кореяға қызығушылығының артуына ықпал еткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Фестивальде қонақтарға Кореяның дәстүрі мен жаңашылдығын қамтитын түрлі концерттік бағдарламалар ұсынылды.


Дәстүрлі корей өнері мен қазіргі заманғы K-POP концертінен басқа, келушілерді Корея Республикасының әр түрлі бейнелерімен таныстыруға мүмкіндік беретін корей фотокөрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде корей тағамдары, дәстүрлі киімдер, үйлер, сонымен қатар қалалар, табиғат пен көркем жерлері таныстырылды.


Сонымен қатар Кореяның басқа да салаларымен танысуға мүмкіндік болды. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы, корей тағамдары, т.б.


Корей мәдени орталығының директоры Ли Херан ханым фестивальдің түпкі мақсатына тоқталды.


Фестивальге қатысқан барлық келушіге алғыс айтқым келеді. Біз бұл іс-шараны COVID-19 жағдайынан шаршаған адамдардың көңілін көтереді деген үмітпен дайындадық. Фестиваль Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Корея мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Екі ел арасындағы Мәдени алмасу жылы қарсаңында мәдени байланыс дами түседі деп үміттенемін, - деп атап өтті директор.

Фестиваль кезінде Қазақ мемлекеттік корей музыкалық комедия театры да қонақтарға өздерінің қойылымын ұсынды. Театр әртістері өз қойылымдары арқылы корей дәстүрлі өнерінің әсемдігін көрсетті.


Концерттік бағдарламаның алғашқы күні қазақстандықтарға жақсы таныс «Атамекен» және «Ариран» әндерімен жабылды.


Кореядағы танымал «ICU» және «N.CUS» K-POP топтары корей мәдениеті фестивалінің екінші күнінде K-POP музыкалық концертінде өнер көрсетті.

Корей мәдениетіне қызығушылық танытып, концерттік бағдарламаларды тамашалаған елордалық Дариға Нұрғалиқызы өзінің пікірімен бөлісті.

Корей мәдениетін, дәстүрін өте құрметтеймін. Екі күндік фестивальге қатысып, концерттік бағдарламаларын тамашаладым. Мен үшін өте қызықты болды. Кіреберісте түрлі ойындар өткізілді, қонақтарға сыйлықтар табысталды, корей шайынан да дәм таттық. «ICU» және «N.CUS» топтарының өнерлері ерекше ұнады. Екі ел арасындағы достық жалғаса берсін, - деп айтты елордалық.

Корей мәдениеті фестивалі 15-16 қазан күндері Алматыда жалғасын табады. Корея мәдениетімен танысқысы келетін қала тұрғындары мен қонақтары екі күн қатарынан концертті тегін тамашалай алады. Фестиваль Республика сарайында өтеді.


Еске сала кетейік, бұл іс-шара барысында карантин талаптары қатаң сақталады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы