Алматылық спортшылар коронавирусқа қарсы екпе алды
Алматы, BAQ.KZ. ҚР Регби бойынша ұлттық әйелдер құрамасы, сондай-ақ, «Азия Спорт» регби клубы мен жағажай волейболынан ел құрамасының ойыншылары коронавирусқа қарсы екпе алды.
Регби бойынша Ұлттық әйелдер құрамасының мүшесі Даяна Қазыбекова вакцинадан кейін өзін жақсы сезінгенін, келесі күні жаттығуға кіріскенін айтты. Оның командасында барлық спортшы екпе алды, бұл әрқайсысының ерікті таңдауы болды.
Біз індет уақытында жалғыз жаттығудан шаршадық, өйткені регби – бұл командалық ойын. Біз жарысқа қатысып, жанкүйерлердің қолдауын көргіміз келеді. Мүмкін біздің осы шешіміміз басқалар үшін үлгі болады. Бүгінде вакцина алу өте маңызды, - деді Даяна.
Оны команданың тағы бір мүшесі қостады. Регби бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Диана Әбішева да өз еркімен вакцина салдырған.
Мен бірінші болып вакцина алдым. Менен кейін командадан тағы үш қыз екпе алды. Спортшылар үнемі бір қаладан екіншісіне ұшып жүреді, сондықтан бізге қаламыз бен республикамыз үшін вакцина алу маңызды, – дейді Диана.
Вакцина алған қала тұрғындарының арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, "Азия Спорт" регби клубының ойыншысы Сергей Денисюк бар.
Бұл мүмкіндік пайда болғаннан кейін мен екпе алу пунктіне барып, вакцина алдым. Осы уақыт ішінде сүйікті ісіммен айналыса алмадым. Спортшы үшін бұл - қиын. Вакцинаны ойлап тапқандары жақсы болды. Бізге қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік берілді. Бұл - қарапайым өмірді бастаудың жалғыз жолы. Команда дәрігері Алматыда вакцина пайда болғанын айтты. Сондай-ақ менің отбасым бар, бала өсіп келеді, сондықтан оларды қорғау - менің міндетім. Инъекция ешқандай асқынусыз өтті. Мен бәріне вакцина жасауға кеңес беремін, - дейді Сергей Денисюк.
Жағажай волейболынан ел құрамасының мүшесі Сергей Богату коронавирус індеті балалар көптен күткен бірқатар жарысты тоқтатқанын айтады.
Біз әдетте шетелде жылы елдерде жаттығамыз. Коронавирус бұған жол бермеді. Біз жабық залда болдық. Вакцинаның арқасында алғашқы жиындарға шығу мүмкіндігі пайда болды, - дейді Сергей Богату.
Айта кетсек, Алматыда медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарлар мен қаланың СОСО-да 208 вакцина пункті жұмыс істейді (250-ге дейін ұлғайту мүмкіндігімен). 1256 адамнан 307 екпе бригадасы бар. Екпені күн сайын демалыссыз алуға болады.