Алматылық еріктілер алғыс хаттармен марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Волонтер жылының ресми жабылу рәсімі аясында еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдерін марапаттады, деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Волонтер жылының ресми жабылу рәсімінде басқа өңірлер сияқты Алматы қаласы да бейнеконференция-байланысы арқылы қосылды.
«Жомарт жүрек» байқауының «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша «Диал строй» ЖШС бас директоры Ғабит Маматрайымов жеңімпаз атанды.
«Жыл волонтері» байқауының жеңімпаздары — «Педагогтар академиясы», «Lider.kz» еріктілер қозғалысы, «ҚР Қызыл Жарты Ай қоғамы» сияқты қоғамдық бірлестіктердің басшылары Нұрым Нұрғалиев, Дильмира Блац, Еркебек Арғымбаев.
Бірқатар ерікті мен волонтер ұйымының өкілдері Елбасының және Президенттің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев еріктілердің қиын кезеңде қарапайым тұрғындарға көрсеткен қамқорлығы мен көмегі үшін алматылықтар атынан алғыс білдірді.
Өткен жылы Алматыда волонтерлік қозғалыстарды дамыту бойынша денсаулық сақтау, қарттарға қамқорлық, білім беру, экология және тұрғындармен бірлесіп әрекет ету салаларында бірқатар жоба жүзеге асты. Қалада 28-ге жуық ірі еріктілер ұйымы жұмыс жасайды. Бұл ұйымдардың базалық деректерінде 50 мыңнан астам ерікті бар.