Алматылық жастар дәрігерлерді тегін тағаммен қамтамасыз етуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Диас Тастанбеков алматылық достарымен бірігіп игі істі қолға алды. 7 адамнан тұратын команда дәрігерлерді күрделі кезеңде қолдау мақсатында оларға тегін тағам жеткізуді ұйымдастырып отыр.
Қазіргі қиын-қыстау кезеңде үлкен қолдауды қажет ететін жандардың бірі- ақ халатты абзал жандар. Біз оларды қолдау мақсатында тегін түскі ас жеткізу жүйесін ұйымдастырдық. Себебі, қазір оларға түсетін жүктеме көп. Тәулік бойы жұмыс істеген дәрігерлер қажиды. Олар күш жинап, ауқаттануы үшін нәрлі тағамдарды жеткізуді қолға алдық, - деді Диас Тастанбеков.
Алматылықтың айтуынша, дәрігерлерге тағам апару үшін олар арнайы қорғаныш заттарынан құралған жинақты сатады.
Дәрігерлерге тағам сатып алу үшін жинақ (маска, антисептик, қолғап т.б.) сатамыз. Одан түскен ақшаға дәрігерлерге түскі ас әзірлейміз. Сондықтан бұны "әлеуметтік краудфандинг" десек болады, - дейді Диас.
Демек, кез келген азамат аталған жинақты сатып алып, екі дәрігерді түскі аспен қамтамасыз етеді.
Краудфандинг арқылы ақша жинаймыз. Яғни , кез келген адам жинақ сатып алса , 2 дәрігер түскі аспен қамтылады. Осылайша, түскі аспен қамтылатын дәрігерлер саны арта түседі. Жоспар бойынша бір айдың ішінде күніне 300 порция жасауды көздеп отырмыз, - дейді ол.
Диас Тастанбеков - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Сондай-ақ, ол "Қазақстанның 100 жаңа есімінің" құрамында бар.
Ол атап өткендей, жоба әлі жас, екінші күн жұмыс істеп жатыр.
Қазақстандық әнші Ғалымжан Молданазардың 2014 жылы жарық көрген "Берік бол" деген әні бар. Осы әннің сөзі біздің мақсатымызды дәл айқандады. "Іс түскенде басыңа, табылатын касыңнан, достарыңа сен адал бол" деген жолдары бар. Автордың рұқсат етуімен осылай командамызды атадық. Бұл ән біздің тобымыздың ұранына айналды, - деді Диас Тастанбеков.
Диастың айтуынша, оларды волонтер деп атауға болмайды. Себебі, командадағы кейбір адамдар жалақы алады. Яғни, "Берікбол" жеке өз алдына бөлек жоба.
Краудфандинг - қайырлымдылық емес, ешкім ақша сұрап жүрген жоқ. Әркім өз пайдасын көреді: сатып алған адам - жинақ, біз - ақшалай табыс. Өндірілген ақшаға дәрігерлерге ас сатып алынады. Бір қораптың құны – 2500 теңге.Масканы ұстап тұратын тетікті біз өзіміз өндіреміз.Ол таза табиғи өнім. Біздің жасап жатқан ісімізбен сайттан және әлеуметтік желілердегі парақшалардан танысуға болады, - дейді ол.
Тастанбеков жеті адамнан тұратын команданың құрамымен таныстырды.
Бұл жұмысты 7 адамнан тұратын команда жүзеге асырады. Яғни, біз бір бағытқа қараған, ісі мен ойы бір жерден шығатын бір толқындағы жақсы доспыз. Жинақ жасақтаумен үш адам айналысады. Олар: Күләш – менің туған қарындасым, «Стартап Болашақ» арқылы танысқан досым -Жеңіс Садыров және Мәншүк Тұрсынбекова – менің әріптесім. 3Д-принтер өндіруді алматылық университеттің 3 курсында оқитын Саят Ахметжанов жүзеге асырады. Ал тамақты менің сыныптасым Рахман Әлиақбаров (Nobel Kitchen компаниясы) жасайды. Өзге ұйымдастыру шаруаларын эколог досым Алмат Сатыбалдин екеуміз жүзеге асырамыз, - деді ол.
Жобаларыңызға сәттілік!