Алматылықтардың басым көпшілігі ипотекамен үй ала алмай отыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматылықтардың 80%-дан астамы ипотекаға тұрғын үй ала алмайды, сондықтан жалдамалы тұрғын үйде тұруға немесе арзан жеке тұрғын үй салуға немесе сатып алуға мәжбүр. Мұндай деректі Алматы қаласының әкімдігі келтіріп отыр.

Бүгін Алматы қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы көпшілік назарына ұсынылды. Онда қала тұрғындарының көпшілігі ипотекамен үй ала алмай отырғаны айтылған.
Есеп бойынша, алматылықтардың 80%-дан астамы ипотекаға тұрғын үй ала алмайды, сондықтан жалдамалы тұрғын үйде тұруға немесе арзан жеке тұрғын үй салуға немесе сатып алуға мәжбүр. Соңғы 6 жылда Алматыдағы көппәтерлі үйлердің саны 13%-ға, ал жеке тұрғын үй саны 2 еседен астам өсті, - делінген "Алматы-2050" стратегиясында.

Алматыда ипотекамен үй алу қиындығын қала тұрғындары да растап отыр.
Мен жақында пәтер алсам деген оймен қаладағы банктерді аралап шықтым. Біреуіне жалақым жетіспесе, енді біріне шот ашып, ақша құйып біраз уақыт күтуім керек екен. Есептеп отырсам пайыздық мөлшерлемелері де жоғары, мәселен, 12-13 млн теңгенің үйін 15 жылда 20 млн-нан асырып төлейді екенмін. Оған да келістім, алайда жалақың аз деп бермеді. Қазір қала маңынан жер қарап жүрмін, ең тиімдісі жер алып үй салу болып тұр, - дейді Алматы тұрғыны Бақытжан Ауытбаев.
"Алматы-2050" стратегиясында қала халқы жылдан-жылға жоғары қарқынмен өсіп жатқаны, 2030 жылға қарай 3 миллионға жететіні де айтылған.
30 жыл бұрын алматылықтардың саны 1 млн-нан сәл артық болды. Бүгінде, тіркелмеген халықты ескергенде, қалада тұрып жатқандар саны 2 млн-нан артық адамға жуықтайды. Мысалы, емханаларға қалада тіркеуі бар адам санынан 116 мыңға артық адам тіркелген. Осы өсу қарқыны сақталғанда өмір сүру ұзақтығын ескере отырып, 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны 2,8-3 млн-ға жетуі мүмкін,- делінген "Алматы-2050" стартегиясында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы