Алматылық өрт сөндіруші мемлекеттік наградаға ие болды

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Алматының өрт сөндірушісі Бақберген Ыдырыс марапатталды. Бұл туралы қалалық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздің Президенті азаматтық қорғау органдарында ерекше көзге түскен  қызметкерлерге  мемлекеттік наградалар беру туралы Жарлыққа қол қойып, құтқарушылардың жұмысына деген көзқарасын ерекше атап өтті.
Мемлекеттік наградаға азаматтық қорғау органдарының 3 қызметкері ұсынылды.  Оның ішінде, №9 өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау кіші сержанты, өрт сөндіруші Ыдырыс Бақберген Қанатұлы бар. Ол Алмалы ауданындағы 4 қабатты үйде болған өрттен  Сатвалдиева Олеся мен оның баласын өрттен құтқарып, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ризашылық білдірген әйел бізге алғыс хат жазып, өрт сөндіруші-құтқарушылар өз өмірлеріне тәуекел төндіре отырып, қауіпті ортада қызмет атқаратынына көз жеткізді,-делінген хабарламада.

Тиісті бұйрыққа Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрі мен Төтенше жағдайлар комитетінің Төрағасы да қол қойған.  Жалпы алғанда, ведомстволық марапат азаматтық қорғау органдарының 40 қызметкеріне берілген. Олардың екеуі Алматы гарнизонынан, №3 өрт сөндіру бөлімінің көлік жүргізушісі азаматтық қорғау аға сержанты Ибрагимов Еламан Байрамұлы және Әуезов ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Тоқарбаев Асхат Темірханұлы. 45 қызметкерге Алматы қаласы ТЖ Департаменті бастығының грамотасы берілді.

Төтенше жағдай кезінде азаматтық қорғау органдары азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін қызметтерін жалғастыруда. Карантин кезінде Алматы қаласында 1525 құтқарушы арнайы қызмет тәртібіне ауыстырылған.
Тәулік сайын 355 адам, 118 бірлік техника және 4 әуе борты жедел пайдалану қызметіне кіріседі. Біздің қызметкерлер күн сайынғы телефон қоңырауларымен жұмыс жасаумен қатар, күніне орта есеппен 12-15 шақыруларға барады және "Біз біргеміз" науқанына қатысып, азаматтарға белсенді түрде көмектеседі. Құтқарушылар "Нұр Отан" партиясының филиалымен бірлесіп, балалар үйіне және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек көрсетіп отырады,-делінген хабарламада.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы