Алматыға трамвай оралады

Тарихи трамвайлар жаңарған күйде қайта келеді. Алайда ол ЛРТ түрінде жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Алматы қаласы Мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев мәлімдеді. 

Алматыға трамвайлар қайта оралады. ЛРТ түрінде жұмыс істейтін болады. ЛРТ жобасын осы жылы аяқтап, қаржыландыру көзін нақты бекітеміз. Бізге 2026 жылға дейін ЛРТ-ның бірінші жолағын салу жоспары қойылды. Ол «Барлық» базарынан басталып, Төле би көшесімен «Шығыс қақпасына» дейін барады. Сонда Абай даңғылы метро жолағымен, Төле би ЛРТ жолымен, ал Райымбек БРТ-мен қамтылады, – деді басқарма басшысы.

Ол сонымен қатар қаланың 3 аймағында үлкен автотұрақтар болатынын айтты.

«Бауыржан Момышұлы» метро бекеті ашылғаннан кейін адамдар көліктерін осы маңайдағы тұрғын үй кешендерінің ішіндегі шағын көшелерге қалдырып кетіп жатыр. Осы мәселені ескеріп, қаланың көлік қаңқасының жоспарында 3 үлкен автотұрақ қарастырылған. «Барлық» базарының маңында 2 мың көлікке арналған автотұрақ және ЛРТ, БРТ, метроның тұрағы болады. Қаланың шығыс жағында 5 мың көлікке орын қарастырып отырмыз. Оған қоса, бұл жерде автотұрақтан бөлек автобус паркі салынады. Ал солтүстік жақта Қонаев қаласынан келе жатқан кезде ҮААЖ торабында тағы бір транспорттық хаб болады. Біздің ойымызша, келешекте Қонаев қаласынан келе жатқан азаматтар осы жерге көлігін қойып, ары қарай метроға не ЛРТ-ға отыратын болады, – деді Сағындық Телібаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы