Алматыға Қытай азаматтары көптеп келуде

Мегаполиске келетін туристердің көпшілігі жалғызбасты немесе достарымен келетіндер, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Алматы туризм бюросының маркетинг және талдау бөлімінің басшысы Руслан Жанабаев мәлімдеді.

Алматы туризм бюросының жүргізген сауалнамасы қалаға туристердің 38%-ы жалғыз, 29%-ы достарымен келетінін көрсеткен. Бұған қарап, бізге отбасымен бірге келетіндер саны аз екенін көруге болады. Неге деген сұраққа келсек, курорттық орталық болмағандықтан болуы мүмкін. Сонымен қатар сауалнаманың нәтижесінде Алматыға келген туристер орташа есеппен бір күнде 334 доллар жұмсайтыны және шаһарда бес күн тұрақтайтыны анықталған. Осы ретте айта кетерлігі, бізде қонақ үйлердің бағасы қымбат – бесжұлдызды қонақ үйлердің бағасы Дубаймен тепе-тең, тіпті кейде асып түседі. Сол себептен біз алдағы уақытта инвесторлармен жұмыс істеп, қонақ үйлер салуды жоспарлап отырмыз. Бәсеке артса, баға да қолжетімді болмақ, - дейді Руслан Жанабаев.

Оның айтуынша, Алматыға келетін туристердің қатарында АҚШ азаматтарының қатары артқан.

Алматы туризм бюросының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы қалаға келген туристердің ішінде бірінші орында – Ресей азаматтары (32,6%), екінші орында – қытайлық саяхаттаушылар (12,2%), үшінші орында – Үндістан азаматтары (8,6%), төртінші орында – түркиялықтар (6%) және бесінші орында – АҚШ азаматтары (3,8%). Бізді таңғалдыратыны – үздік бестіктен АҚШ-тан келетін туристер қатарының артуы. Сондай-ақ визасыз режимнің арқасында Қытай азаматтарының елімізге, оның ішінде Алматы қаласына, көптеп келе бастағанын байқауға болады, – дейді Алматы туризм бюросының маркетинг және талдау бөлімінің басшысы Руслан Жанабаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы