Алматыға Мишлен жұлдызының өкілдері келе ме?

Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова Мишлен өкілдерінің Алматыға келуі туралы пікірі білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматыда алдағы демалыс күндері өтетін Almaty Food Fest фестивалінің алдында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған болатын. Онда қалалық Туризм басқармасының өкілдеріне Алматыға Мишлен жұлдызының өкілдерінің келуі туралы сұрақ қойылды. Сондай-ақ қызмет сапасын тексеретін әкімдік жанынан құрылған комиссияның Мишлен өкілдеріне қатысы бар-жоқтығы сұралды.

Әкімдік жанынан құрылған комиссияның Мишлен өкілдеріне қатысы жоқ. Біздің тарапымыздан өзіміздің «Recommendation by Visit Almaty» сапа белгісін беру жұмыстары жүріп жатыр. Осыған орай, шаһарымыздағы үздік мейрамханаларды, қонақ үйлерді және өзге де озық туристік орталықтарды анықтау үшін комиссия құрылды. Мишлен туралы айтатын болсақ, біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ олардың келуі туралы бізде нақты дерек жоқ, – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Бұл сұраққа алматылық мейрамханалардың бірінің бас аспазы Александр Прошенков та пікір білдірді.

Мишлен барынша құпия, жабық ұйым. Оларды өз қалауымызша шақыра салу оңай емес. Олар бір жерге келер алдында көп нәрсеге қарайды: дамыған инфрақұрылымның болуы, туризмнің деңгейі, қызмет саласындағы мекемелердің сапасы және т.б.. Мен бірнәрсе нақты білемін – мемлекеттің тікелей қатысуынсыз оларды тарту мүмкін емес. Мысалы, Мишлен Мәскеу қаласына келуі үшін қала әкімшілігі барынша қолдау көрсетті. Егер Мишлен жұлдызы алматылық мейрамханалардың біріне берілер болса, бұл осы саладағы ең ірі тарихи оқиға болмақ, – деді алматылық мейрамхананың бас аспазы Александр Прошенков.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы