Қазір Алматыға инвестиция салатын ең қолайлы уақыт – Сағынтаев
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыға елеулі күш салсаңыздар, қаланың жетістігі сіздердің жетістіктеріңізге айналады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев Almaty invest форумы барысында айтты.
Жиын барысында ол қазір Алматы инвестиция салатын әрі керемет жоспарларды іске асыратын ең қолайлы уақыт екенін айтып өтті.
Бір сөзбен айтсам, қазір Алматыға елеулі күш салсаңыздар, қаланың жетістігі сіздердің жетістіктеріңізге айналады. Қазір Алматының алдағы 30 жылдық даму стратегиясы жасалып жатқан кез. Жақында ғана "Алматы-2050" даму стратегиясы жасалды. Басты міндет әлемдегі өмір сапасы жоғары әрі бизнес мүмкіндігі жақсы топ-100 қаласының қатарына кіру, - деді әкім.
Сонымен қатар, ол жетекші қалалар қатарынан табылу үшін мықты экономикалық негіз болу қажеттігін, қала экономикасы жылына жоқ дегенде 5% өсіп отыру керектігін айтты.
Мұндай өсімді қамтамасыз ету үшін біз қала экономикасының құрылымына тереңдетілген реформа жасап жатырмыз. Яғни экономиканың жаңа салаларына басымдық берілуде. Бұл инвестиция құятын жаңа бағыттарды ашуда. "Алматы-2050" стартегиясын жасауда әлемдегі жетекші қалалардың тәжірибесін зерделеп көрдік. Дүниежүзіндегі кейбір қалалар неліктен алдығы шығып дами түседі, ал кейбірі кенжелеп қалады? Мені Сан-Франсиско қаласының жүріп өткен жолы қызықтырды. Бұл қалада адам өмірі үшін қолайлы климат бар, АҚШ бойынша ең үздік бизнес ахуал қалыптасқан, - деді ол.
Сөз арасында ол осындай үлкен шараның алдында қаланы аппақ қардың басқаны жақсылықтың нышаны деп білетіндігін жеткізді.
Өйткені Алматының ең көрікті жерлерінің бірі таулы курорттық Шымбұлақ пен Медеу мұз айдыны болып келеді. Қазір ол жерлерді қар басып, әдемі болып тұр. Құрметті қонақтар, сіздерді сол жерге шаңғы тебуге шақырамын, яғни қаламызды ғана емес, табиғатымызды да тамашалап қайтуға болады, - деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұған дейін Алматыда шетелдік қаржыгерлер мен инвесторлардың қатысуымен Алматы инвестициялық форумы басталғаны хабарланған болатын.