Алматыға "бақ қала" мәртебесі қайтарылады – әкім

Мегаполисте 2025 жылға дейін 1,2 млн, ал 2030 жылға дейін шамамен 1,3 млн ағаш отырғызылады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2025-2027 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы талқыланып жатқан мәслихат сессиясында мәлімдеді.

Мемлекет басшысының "Алматы – бақ қала" мәртебесін қайта жаңғырту тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында 2023-2024 жылдары 500 км автосуару және тамшылатып суару желілері орнатылды. 2025 жылы тағы 290 км желі тарту үшін 4,1 млрд теңге бөлінеді. Бұл жүйе 1 миллионнан астам ағашты автоматты суару жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді, - деді Ерболат Досаев.

2024 жылы 320 мың жасыл желектің 224 мың көшеті отырғызылды, оның ішінде 150 мыңнан астамы ағаш, ал 74 мыңы бұта. Ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 96 мың көшет отырғызу жоспарланған.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында "Алматы – біздің ортақ үйіміз" науқаны аясында "Алматы – бақ қала" акциясы өткізілді. Іс-шара барысында 7 мыңнан астам жасыл желек, оның ішінде 4 015 жеміс ағашы (оның 3 855-і алма ағашы), 1 090 жапырақты ағаш және 2 600 бұта отырғызылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан скрин
Өзгелердің жаңалығы