Алматыға 900 мың доза вакцина жеткізіледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифингте айтты.

Алматы әкімі қалада вакцина салу жұмыстары жалғасып жатқанын айта келе, кеше 21 750 доза вакцина жеткізілгенін айтты. Бүгін таң ата қаладағы емханаларда екпе салу басталып кеткен. 

Бастапқыда бізге квота бойынша 60 мың доза беріледі деп айтылған, кейін Премьер-министрмен сөйлесіп, қалада тұрғындардың тығыздығы жоғары екенін айттым. Кейін Үкімет басшысы ол ұсынысымызды ескеріп, Денсаулық сақтау министріне жаңа тапсырма берді. Енді сәуір, мамыр және маусым айларында, яғни әр ай сайын 250 мың доза жеткізіледі. Бұл - жақсы көрсеткіш. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін тұрғындардың 65 пайызын вакцинациялау керектігін есептедік, ол 900 мың доза, - деді Сағынтаев. 

Сондай-ақ ол қаладағы Жедел жәрдемге жасалатын шақыртулардың 30-33 пайызы КВИ және ОРВИ мен байланысты болып отырғанын айтты. 

Наурыз айының басында бұл көрсеткіш 15 пайыз төңірегінде болған, яғни қазір екі есеге артқан. Өткен жылдың шілде айында жағдай күрт ушыққан кезде КВИ мен ОРВИ бойынша шақыртулар 46%-ға дейін жеткен. Ал науқастардың анықталу көрсеткіші бір күнде 270-330 жағдай болған. Бүгін ол 500-ден асып отыр, - деді ол. 

Оның айтуынша, қазір емханалар амбулаториялық режимде жұмыс істеп жатыр. Оған қоса телемедицина да іске қосылған, олар амбулаториялық ем қабылдап жатқандарды бақылап отырады. 

Бүгінгі таңда амбулаторияда 4 222 адам ем алып жатыр. Телемедицинаны өткен жылдың қыркүйек айында құрдық. Оны құруға Мәскеудегі әріптестеріміз көмектесті. Жүктеме артқан соң телемедицина қызметкерлерінің санын тағы он адамға көбейттік, яғни 66 адам жұмыс істеуде, - дейді әкім.
Бұған дейін Сағынтаев жаңа штаммдар көбіне симптом арқылы анықталып жатқанын айтты.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы