Марафонға желаяқтар Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания және басқа да елдерден келеді. Қатысушылар арасында Буэнос-Айрес, Сан-Паулу, Окленд, Сидней, Кейптаун, Ванкувер және Торонто секілді шалғай қалалардан жолға шығатындар да бар.
Биылғы марафонның арнайы қонағы 2018 жылы Бостон марафонында жеңіске жеткен жапониялық танымал жүгіруші Юки Каваучи. Қазақстанға алғаш рет келетін спортшы Алматыда 42,2 шақырымдық марафон қашықтығын жүгіріп өтеді.
Мерейтойлық жарысқа орай барлық қашықтықтың бағыттары жаңартылды. Биыл алғаш рет марафоншылар 42,2 шақырымдық қашықтықты бір айналыммен өтеді. Жарыс Абай алаңынан басталып, Республика алаңында мәресіне жетеді.
Қазір 42,2 және 21,1 шақырымдық қашықтықтарға тіркелу жалғасып жатыр. Қатысуға ниеттілер марафонның ресми сайты арқылы өтінім бере алады.