Алматыдан XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына спортшылар аттанды
Қазақстан ұлттық құрамасын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына шығарып салды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ермек Маржықпаев спортшылар және жаттықтырушылар құрамымен әңгімелесіп, алдағы жарыстарға сәттілік тіледі.
Париж Олимпиадасында таныстыру, ел намысын абыроймен қорғау сияқты маңызды әрі өте жауапты міндет тұр. Сіздердің чемпиондық мінезіңіз, табандылығыңыз, жеңіске деген ерік-жігеріңіз, осы күнге дейін жиған тәжірибелеріңіз, жаттықтырушылардың, дәрігерлердің, массаж жасаушылардың қажырлы еңбегінің арқасында үлкен нәтижеге жететінімізге сенімдімін. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жазғы және қысқы Олимпия ойындарының 79 жүлдегерін, оның ішінде 15 Олимпиада чемпионын тәрбиелеп шығарды. Олимпиададағы жетістіктер – бүкіл елдің әлемдегі имиджі, мемлекеттің әл-ауқатының көрсеткіші, ең бастысы, бұл – сіздердің көпжылдық және қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі!, - деді Ермек Маржықпаев.
Франция астанасында Қазақстан құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен бақ сынап, 81 медаль жиынтығына таласады.
Үш оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Екеуі өз елімізде, енді біреуін - шетелде. Спортшылардың көңіл-күйлері мен жаттығулары жақсы. Жарақатсыз, бәрі ойдағыдай. Бұйырса, жүлде күтіп отырмыз. Үмітіміз - Елдос Сметовте, одан кейін өзіміздің шәкіртіміз Осман Қырғызбаевта. Өздеріңіз білесіздер, ол - әлем чемпионатының жүлдегері. Өте тәжірибелі мықты спортшы. Қалған балалардан да үміт күтеміз. Бәрін бөліп-жара алмаймыз. Әрине, Олимпиада болғандықтан, психологиялық тұрғыда қиындықтар болады. Спортшыларымыз барын салып белдеседі деген үміттеміз,- дейді Дзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.
Спортшылар Алматы облысындағы республикалық олимпиадалық даярлық базасында дайындалып, жарысқа осы жерден аттанды.
Қазақстан құрамасының спортшылары биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енген брейкинг және бадминтон сияқты спорт түрлерінен өнер көрсетеді. Брейкингтен ел намысын Әмір Закиров қорғаса, бадминтон сайысында Дмитрий Панарин бақ сынайды.
Олимпия ойындарының ашылу салтанаты 26 шілдеде Париждегі Сена өзенінде өтеді. Жарысқа 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.