9 Қыркүйек 2026, 01:47 Фото: depositphotos.com

Алматыдан Лондонға бағыт алған Air Astana ұшағы Франкфуртқа қонды

Әуе компаниясының өкілдері жолаушыларға қажетті қолдау көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Лондондағы Хитроу әуежайының NOTAM хабарламасына сәйкес жабылуына байланысты Air Astana-ның Алматы – Лондон бағытындағы KC663 рейсі Франкфурт әуежайына қонды.

Әуе компаниясының мәліметінше, Airbus A321 ұшағының бортында 138 жолаушы болған. Хитроу әуежайы түннің соңына дейін жабық болуына байланысты Лондонға әрі қарайғы ұшу тоқтатылды. Рейс келесі күнгі 09:25-ке (UTC) шегерілді.

Жолаушылардың 67-сінде жарамды Шенген визасы жоқ, сондықтан олар Франкфурт әуежайының транзиттік аймағында қалуға мәжбүр. Барлық жолаушыларға тамақ пен сусын алуға арналған ваучерлер берілді.

Ал Франкфурт қаласына шығуға құқығы бар жолаушыларды қонақүйге орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Әуе компаниясының өкілдері жолаушыларға қажетті қолдау көрсету үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Air Astana жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты басымдық екенін атап өтті.