Бүгiн 2026, 12:08 Фото: видеодан алынған кадр

Алматыдағы жол апаты: Күдікті қайғылы оқиға болған күні сыра ішкен

Александр Пак сотта үш адамның қазасына қатысты мәлімдеме жасады.

Алматыдағы жол-көлік оқиғасы бойынша айыпталушы Александр Пак соттағы сөзінде кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол жол апатын жасағаны үшін де, салдарынан үш адамның қаза табуына себепкер болғаны үшін де өзін толық кінәлі санайды.

Мен өз кінәмді шын жүректен мойындаймын. Жол-көлік оқиғасын жасағаным үшін де, менің кесірімнен үш тамаша адамның қаза тапқаны үшін де жауапкершілікті толық мойныма аламын. Үш отбасының басына орны толмас қайғы әкелгеніме қатты өкінемін. Сондай-ақ өз отбасымның да өміріне ауыр салмақ түсірдім, – деді Александр Пак.

Сотталушы соттан жазадан жалтаруға тырыспайтынын айтып, шартты жаза тағайындауды өзі үшін қабылдауға келмейтін шешім деп санайтынын жеткізді.

Мен ешқандай жағдайда жазадан қашуға тырыспаймын. Мен үшін шартты жаза мүлде қабылдауға келмейді. Жасаған ісім үшін толық жауап беруге дайынмын және соны қалаймын. Бұл – үлкен трагедия. Заң аясында қандай жаза белгіленсе де, оны өтеуге толық дайынмын, – деді ол.

Александр Пак апатта қаза тапқан адамдарды күн сайын еске алатынын да айтты.

Бүгінге дейін сол адамдарды еске аламын. Менің жалғыз өтінішім – жәбірленушілердің отбасыларын бұқаралық ақпарат құралдарындағы тұрақты қысымнан қорғау. Айтарым осы, – дейді сотталушы.

Сонымен қатар, Александр Пак оқиға болған кеште өзін мас күйде болмағанын айтты.

Оның сөзінше, апат болған күні достарымен кешкі асқа жиналған. Кейін компанияға басқа таныстары қосылып, дастарқан басында бұрын танымайтын адамдармен де танысқан.

Пактың айтуынша, сол кеште өзі тек бір бокал сыраға тапсырыс берген.

Өзіме New York сырасына тапсырыс бердім. Екі ұрттадым, бірақ ұнамады. Сондықтан оны әрі қарай ішкен жоқпын. БАҚ-та мені қатты мас болған, не істеп жатқанын түсінбеген адам ретінде көрсетіп жатыр. Бірақ мен өзімді мас болдым деп есептемеймін. Сыраны байқап көрдім, ұнамады да қойдым, – деді ол сотта.

Сондай-ақ айыпталушы дастарқан басында отырған басқа адамдардың қандай ішімдік ішкенін бақыламағанын айтты.

Кімнің не ішкенін қадағалап отырған жоқпын. Егер шотта қандай да бір сусын көрсетілмесе, бұл олардың оны міндетті түрде ішпегенін білдірмейді, – деді Пак.

Ол кеш соңында мейрамханадағы есепшотты өзі төлегенін, алайда достарының арасында мұндай шығындарды кезекпен жабу әдеттегі жағдай екенін жеткізді.

Әдетте кезектесіп төлейміз, кейін бәріміз ақшаны бөліп береміз. Бірақ бұл жолы апат болып кеткендіктен, кейін бәрі басқаша өрбіді, – деп түсіндірді айыпталушы.

Сотта прокурор оның көлік жылдамдығын бақылаған-бақыламағанын сұрады. Бұған жауап берген Пак оқиға алдында спидометрге қарамағанын мәлімдеді.

Мен спидометрге қараған жоқпын. Бұл көлікте алдыңғы әйнекке проекция шығып тұрады, сондықтан жылдамдықты көрмеу мүмкін емес. Бірақ сол сәтте мен көліктің дыбысына құлақ түріп келе жатқанмын, – деді ол.

Сондай-ақ сотта одан көлікте ақау байқалған болса, неге тоқтамағаны сұралды. Айыпталушының сөзінше, ол тоқтау үшін оң жақ жолаққа ауыспақ болған.

Тоқтап, ақауды тексеру үшін оң жақ қатарға ауысқым келді. Бірақ дәл сол сәтте не болғанын білмеймін, көлік доңғалақтарының бұрылуы әсер етті ме, әйтеуір басқаруды жоғалтып, жол апаты болды, – деп жауап берді Пак.

Бұдан бөлек, сотта оның жүргізушілік тәжірибесі туралы да сұрақтар қойылды. Александр Пак жүргізуші куәлігін 18 жасында алғанын және осы уақытқа дейін жол-көлік оқиғасына түспегенін айтты.

18 жасымнан бері көлік жүргіземін. Осы уақытқа дейін ешқандай жол апатына түскен емеспін, – деді ол.

Ал автомектепте оқыған-оқымағаны туралы сұраққа айыпталушы нақты жауап бере алмады.

Бұл 18 жылдан астам уақыт бұрын болған. Қазір есімде жоқ, – деді Александр Пак.

Еске салайық, басты сот отырысына жол апатында марқұм болған үш адамның тек екеуінің туыстары қатысқан болатын. Олар күдікті Александр Пакты кешірім беріп, тек шартты жаза тағайындауды сұраған болатын. Ал 8 маусымда үшінші жәбірленуші тарап та Пакқа кешірім бергені белгілі болды.

Сонымен қатар, сот отырысы барысында Пак кінәсін толық мойындады. Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Олег Чернов күдікті Александр Пактың жазадан құтылып кетуі екіталай екенін айтты.