Қазақстанда жер сілкінісін алдын ала болжау бағытындағы зерттеулер әлі де жалғасып жатыр. Ионосфера институтының профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Назыф Салихов сейсмикалық процестерді зерттеу қалай жүргізілетінін, қандай белгілер жер сілкінісінің алдында байқалуы мүмкін екенін және неге ғалымдар нақты болжам жасауға әлі сақ қарайтынын айтты. Профессордың айтуынша, олардың зертханасы литосферадағы, яғни жер қыртысындағы процестерді зерттейді. Негізгі бағыт – жер сілкінісінің алдында болатын құбылыстарды бақылау. Біздің зертхана литосфералық процестер динамикасы деп аталады. Біз литосферада болатын процестерді зерттейміз. Нақтырақ айтқанда, жер сілкінісіне дейін болатын өзгерістерді қараймыз. Мысалы, плиталар қозғалады, кернеу өзгереді. Осы әсерлер атмосфераға дейін таралуы мүмкін, – деді ғалым. Назыф Салихов. Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина Оның сөзінше, бұл өзгерістер ионосфераға дейін жетеді. Ионосфера – Жерден шамамен 80-350 шақырым биіктікте орналасқан атмосфераның иондалған қабаты. Ионосфера D, E, F, F1, F2 қабаттарынан тұрады. Жерде болатын процестерді біз арнайы ионосфералық әдістер арқылы тіркей аламыз, – дейді профессор. Ғалымдар түрлі геофизикалық өрістерді тұрақты түрде бақылайды. Атап айтқанда, Жердің электромагниттік өрісі, гамма-кванттар ағыны, атмосфералық және ионосфералық сигналдар зерттеледі. Біз электромагниттік өрісті, жер бетіндегі және ұңғыма ішіндегі гамма-кванттар ағынын, ионосфералық көрсеткіштерді өлшейміз. Доплер эффектісі арқылы ионосферадағы өзгерістерді анықтай аламыз, – деді ол. Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина Зерттеулер Алматы маңындағы биік тауда орналасқан геофизикалық обсерваторияда жүргізіледі. Обсерватория теңіз деңгейінен шамамен 3500 метр биіктікте орналасқан. Қаладағы антропогендік кедергілер өлшеулерге қатты әсер етеді. Сондықтан біз тауда жұмыс істейміз. Онда сигнал әлдеқайда таза болады, – дейді Салихов. Ғалымның айтуынша, зерттеу кешенінде 100 метр тереңдікке бұрғыланған ұңғыма бар. Онда түрлі датчиктер орнатылған. Ұңғымада жылулық нейтрондарды, гамма-сәулелерді, геоакустикалық эмиссияны өлшейтін датчиктер бар. Сонымен қатар су деңгейін бақылаймыз. Жер қыртысындағы қозғалыстар кезінде су деңгейі өзгеруі мүмкін, – деді ол. Сондай-ақ ионосфераны зерттеуге арналған доплерлік ионозонд қолданылады. Толқын ионосферадан шағылады. Егер электрондық концентрация өзгерсе немесе ионосфера биіктігі өзгерсе, біз оны тіркей аламыз, – дейді профессор. Назыф Салиховтың сөзінше, зерттеулер барысында жер сілкінісінің алдында байқалған бірнеше нақты аномалия тіркелген. Зерттеуде жасанды интеллект қолданыла ма? Назыф Салихов қазіргі таңда жер сілкінісін зерттеу барысында жасанды интеллект толыққанды қолданылмайтынын айтты. Оның сөзінше, нейрожелілер мен жасанды интеллект жүйелері тиімді жұмыс істеуі үшін өте үлкен көлемдегі дерек қажет. Сонымен қатар ғалым соңғы 10 жылда жеткілікті көлемде дерек жинала бастағанын атап өтті. Оның айтуынша, болашақта бұл бағыттағы зерттеулерге жасанды интеллект мамандары тартылуы мүмкін. Фото: Ионосфера институты ұсынған Қазір осы бағыт туралы ойланып жүрміз. Соңғы 10 жылда біраз мәлімет жиналды. Егер жасанды интеллект саласын жақсы меңгерген мамандар пайда болса, біз бұл жұмыспен айналысуымыз мүмкін, – дейді Салихов. Профессордың сөзінше, қазірдің өзінде кейбір деректер жасанды интеллектпен айналысатын ұйымдарға берілген. Алайда ғалым қолдағы мәлімет көлемі әлі жеткіліксіз екенін айтты. Әзірге дерек аздау. Мұнда әлдеқайда үлкен көлем керек. Оның үстіне жер сілкінісі жиі болуы тиіс, – дейді профессор. Күніне 70-тей жер сілкінісі болады Ол сейсмологтарда статистика әлдеқайда көп екенін түсіндірді. Мысалы, сейсмологтардың деректерін алсақ, біздің аймақта күніне шамамен 50-70 жер сілкінісі тіркеледі. Бұл – 1000-2000 шақырым аумақтағы көрсеткіш. Ұлттық ядролық орталықтың деректерінде күн сайын осындай статистика жиналады, – деді Салихов. Ал ионосфералық зерттеулерде аномальді эффектілер сирек байқалады. Бізде мұндай эффектілер бірнеше жылда бір рет қана тіркеледі, – деп түйіндеді профессор. Фото: Ионосфера институты ұсынған Болжам расталған жағдай Ол 2011 жылғы 30 желтоқсанда Алматыдан 13 шақырым жерде болған жер сілкінісін мысалға келтірді. Шамамен жеті күн бұрын гамма-кванттар ағынында күрт өзгеріс байқалды. Біз жер сілкінісі болуы мүмкін деп болжадық. Кейін ол расымен болды, – деді ғалым. Кейін зерттеушілер температураны, геоакустикалық сигналдарды, атмосфералық деректерді және ионосфералық көрсеткіштерді қайта талдаған. Төрт түрлі өлшеуде де аномалия байқалды. Яғни бұл жер сілкінісінің алдындағы белгілер болуы мүмкін, – дейді профессор. Ол жер сілкінісін тіркеуде эпицентрдің зерттеу базасына жақын орналасуы өте маңызды екенін айтты. Біздің өлшеу ұңғымасы эпицентрден небәрі 5 шақырым жерде болды. Сондықтан біз барлық эффектіні анық көрдік. Егер дәл осындай жер сілкінісі 50-100 шақырым жерде болса, бәлкім ештеңе тіркей алмас едік, – деді ол. Түркия мен Қытайдағы жер сілкіністерінің әсері бола ма? Назыф Салихов Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстанға да қауіп төнуі мүмкін деген пікірлер көп болғанын айтты. Алайда оның сөзінше, мұндай болжамдарды нақты ғылыми дәлелсіз айту қиын. Түркиядағы жер сілкінісінен кейін ‘біз бір плитаның үстіндеміз, сондықтан Қазақстанда да күшті жер сілкінісі болуы мүмкін’ деген пікірлер өте көп айтылды. Бірақ қанша уақыт өтсе де, әзірге ондай жағдай болған жоқ, – деді профессор. Ғалымның айтуынша, Түркия мен Қазақстан арасындағы қашықтық өте үлкен болғандықтан, мұндай байланыстарды нақты дәлелдеу қиын. Әңгіме айтуға болады. Бірақ оны нақты көріп, дәлелдеу өте қиын, – дейді Салихов. Профессор 2025 жылы Камчаткада болған магнитудасы 8,8 болатын өте күшті жер сілкінісін мысалға келтірді. Оның сөзінше, қазақстандық ғалымдар бұл жер сілкінісінің әсерлерін тіркей алған. Камчаткадағы күшті жер сілкінісінің эффектілерін біз де байқадық. Толқындардың таралуын, олардың ионосфера мен электромагниттік сигналдарға әсерін тіркедік, – деді ғалым. Алайда мұндай алыс қашықтықта жер сілкінісінің алдын ала белгілерін зерттеу мүмкін емес екенін айтты. Мұндай қашықтықта біз жер сілкінісінің жаршысын зерттей алмаймыз. Бірақ толқындардың таралуын, олардың Жер қабатына немесе электромагниттік өріске қалай әсер ететінін бақылай аламыз, – дейді профессор. Оның айтуынша, қазір ғалымдар осы мәліметтердің бәрін жинақтап, жаңа ғылыми мақала дайындап жатыр. Әрбір ірі жер сілкінісі бойынша бізде ғылыми жарияланымдар бар. Барлық маңызды оқиғаларды рейтингі жоғары ғылыми журналдарда жариялап отырамыз, – деді Салихов. Профессордың сөзінше, әлемдік ғылыми қауымдастық олардың зерттеулері туралы дәл осы жарияланымдар арқылы біледі. Біздің немен айналысып жатқанымызды ғылыми орта осылай біледі, – дейді профессор. Добровольский радиусы Профессор Добровольский радиусы деген ұғым барын айтты. Оның сөзінше, жер сілкінісі магнитудасы неғұрлым жоғары болса, аномалияларды соғұрлым алыс қашықтықтан байқауға болады. Салихов 2024 жылғы 4 наурыздағы жер сілкінісін де мысалға келтірді. Ол кезде қоғамда дүрбелең болды. Қытайдағы жер сілкінісінен кейін әлеуметтік желіде түрлі болжамдар тарады. Сол уақытта біздің институтта жасанды интеллектпен айналысатын ғалымдар сейсмикалық деректерді талдап жатқан, – деді ол. Ғалымның айтуынша, ғылыми кеңесте олар жер сілкінісі 7-12 күн ішінде болуы мүмкін екенін айтқан. Біз 25 ақпан шамасында ғылыми кеңесте осы туралы айттық. Кейін 4 наурызда жер сілкінісі расымен болды, – дейді профессор. Оның сөзінше, ол кезде де бірнеше түрлі құрал аномалия тіркеген. Ұңғымадағы гамма-кванттар ағынында төмендеу байқалды. Электромагниттік өрістерде де өзгерістер болды. Бұл эффектілер шамамен 8-13 күн бұрын басталған, – деді ғалым. Профессордың айтуынша, 2024 жылғы жер сілкінісі де зерттеу базасына өте жақын жерде болған. Бұл Кемин ошағы еді. Эпицентр біздің геофизикалық базаға өте жақын орналасқан. Сондықтан біз тікелей сәулелену эффектілерін де тіркедік, – деді ол. Ғалым ретроспективті талдаулар кезінде түрлі магнитудадағы жер сілкіністеріне дейін ұқсас ойыс тәрізді өзгерістер тіркелгенін айтты. Шамамен магнитудасы 6 болатын жер сілкіністері кезінде 350 шақырым қашықтықтан аномалияларды анықтай алдық, – деді ол. Салихов Түркиядағы жойқын жер сілкінісі кезінде де ионосфералық бақылаулар жүргізілгенін айтты. Жер сілкінісі кезінде екі түрлі эффект байқалады. Біріншісі – акустикалық эффект. Яғни жер бетіндегі толқын атмосфера арқылы ионосфераға жетеді. Біз оны доплерлік ионозондпен тіркей аламыз, – дейді профессор. Оның сөзінше, Түркиядағы жер сілкінісіне дейін сегіз күн бұрын ионосфералық параметрлер өзгерген. Ионосферадағы эффектілер жер сілкінісі болатын аймақпен сәйкес келді, – деді ғалым. Профессор Кипр мен Испаниядағы станциялардың деректерін де салыстырғанын айтты. Эпицентрге жақын Кипр станциясында эффектілер анық байқалды. Ал Испаниядағы станцияда ешқандай өзгеріс болмады, – дейді ол. Ғалым қазір зерттеулер негізінен статистика жинауға бағытталғанын атап өтті. Қазір біз жер сілкінісі болғаннан кейін деректерді талдаймыз. Бірақ ‘ертең жер сілкінісі болады’ деп нақты айта алмаймыз. Кейде эффект бар, бірақ жер сілкінісі болмайды, – деді профессор. Ол әлемде жер сілкінісін нақты болжау жағдайлары өте аз болғанын айтты. Қытайда 1970-жылдары билік халықты эвакуациялап, кейін жер сілкінісі расымен болды. Бұл қытай ғылымының үлкен жетістігі саналды, – деді Салихов. Ал Италияда керісінше жағдай болған. Бір геофизик бірнеше күн бойы жер сілкінісі болатынын айтқан. Оған ешкім сенбеді. Кейін жер сілкінісі болды. Осыдан кейін кейбір мамандар сотқа тартылды, – деді профессор. Оның сөзінше, жер сілкінісін болжау – өте үлкен жауапкершілік. Егер билік болжамға сенсе, халықты көшіру керек болады. Бұл – үлкен материалдық шығын. Сондықтан ешкім мұндай жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді, – деді ол. Профессор қазіргі мониторинг жүйелері жер сілкінісін алдын ала емес, сейсмикалық толқын тараған кезде ғана анықтайтынын айтты. Жапониядағыдай жүйелер күшті жер сілкінісі болғанын тіркеп, халыққа шамамен 20 секунд бұрын ескерту жібере алады, – деді ол. Фото: Ионосфера институты ұсынған Салихов зерттеулердің тарихи негізі ядролық жарылыстарды қашықтан анықтау жұмыстарынан басталғанын айтты. Кеңес кезінде біз жер астындағы ядролық жарылыстарды анықтаумен айналыстық. Жарылыстан кейін атмосферада ионизация пайда болады. Біз оны ионосферадан тіркей алатынбыз, – деді ғалым. Оның сөзінше, жер сілкінісі кезінде де ұқсас процесс жүреді. Жер қыртысы кернеуге түскен кезде радон сияқты радиоактивті газдар бөлінеді. Олар атмосфераны иондайды. Осы өзгерістер кейін ионосферада байқалады, – дейді профессор. Ғалым бұл құбылыс литосфера-атмосфера-ионосфера байланысы деп аталатынын айтты. Біздің зертхананың негізгі бағыты осы. Біз жер қыртысындағы процестер мен ионосфера арасындағы байланысты зерттейміз. Яғни біз Сейсмология институтының зерттеулерімен бәсекелеспейміз, біз Жердің түрлі геосфераларындағы геофизикалық өрістерді зерттейміз, – деді ол. Сөз соңында профессор Алматының сейсмикалық тұрғыдан ерекше әрі қауіпті аймақта орналасқанын айтты. Оның сөзінше, қала маңында бірнеше ірі сейсмикалық ошақ бар және олар болашақта қайта оянуы мүмкін. Алматы – өте ерекше аймақ. Мұнда екі-үш ірі сейсмикалық ошақ бар. Соның бірі – Кемин ошағы. Бұл жерде кезінде магнитудасы 8,2 болатын өте күшті жер сілкінісі болған, – деді профессор. Фото: Ионосфера институты ұсынған Ол сондай-ақ Верный және Шелек ошақтарын атады. Верный ошағында шамамен 150 жыл бұрын магнитудасы 7,3 болатын жойқын жер сілкінісі тіркелген. Тағы бір ірі аймақ – Шелек ошағы, – деді ғалым. Профессордың айтуынша, олардың биік тауда орналасқан геофизикалық обсерваториясы осы ошақтарға өте жақын орналасқан. Біздің зерттеу базамыз Верный ошағынан шамамен 13 шақырым, ал Кемин ошағынан 15 шақырым жерде орналасқан. Бұл өте маңызды, – дейді Салихов. Оның сөзінше, сейсмологтар арасында егер белгілі бір жерде бұрын күшті жер сілкінісі болған болса, ол міндетті түрде қайта қайталанады деген ғылыми тұжырым бар. Мұндай күшті жер сілкіністері ерте ме, кеш пе қайталанады деген болжам бар. Бірақ нақты қашан болатынын ешкім білмейді, – деді профессор. Ғалым сейсмология ғылымының салыстырмалы түрде жас екенін атап өтті. Сейсмологияға шамамен 100 жылдан сәл ғана асты. Сондықтан тарихи деректер аз. Ал мұндай күшті жер сілкіністері кейде 100 жылдан 500 жылға дейін қайталанбайды, – дейді ол. Профессордың айтуынша, Алматы маңындағы соңғы жойқын жер сілкіністерінен бері шамамен 120-130 жыл өткен. Сондықтан қазір ‘келесі ірі жер сілкінісі кез келген күні болуы мүмкін’ деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ оның нақты қашан болатынын ешкім айта алмайды, – деді Салихов. Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина Оның сөзінше, қазір ғалымдар тектоникалық плиталардың қозғалысын тұрақты түрде бақылап отыр. Плиталардың жылына қанша сантиметрге жылжитыны өлшенеді. Бірақ литосфера қашан критикалық күйге жетіп, қашан жарылатынын ешкім нақты білмейді, – дейді профессор. Ғалым Алматыда болашақта ірі жер сілкінісі міндетті түрде болуы мүмкін екенін тағы да атап өтті. Ерте ме, кеш пе Алматыда күшті жер сілкінісі болады. Бірақ нақты уақытын айту өте қиын, – деді ол. Салиховтың айтуынша, дәл осы себепті геофизикалық өрістердегі өзгерістерді зерттеу маңызды. Біз әртүрлі геосфералардағы геофизикалық өрістердің өзгерістерін бақылаймыз. Ұңғымадан бастап ионосфераға дейінгі процестерді зерттейміз, – дейді профессор. Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина Ол өздерінің жұмысы классикалық сейсмологиядан өзгеше екенін айтты. Біз таза сейсмологиямен айналыспаймыз. Сейсмологтар жер сілкінісі болғаннан кейін толқындардың таралуын, параметрлерін есептейді. Ал біз жер сілкінісіне дейінгі ықтимал белгілерді зерттейміз, – деп түйіндеді ғалым.