Алматыдағы ЖЭО-2-ден қара түтін шықты: Тұрғындар ауа сапасына алаңдады
23 қазанда алматылықтар әлеуметтік желіде ЖЭО-2 мұржаларынан қою түтін шығып жатқанын көрсететін фото мен видеоларды жариялай бастады. Қала тұрғындары ауаның ластануына алаңдаушылық білдірді. Осы жағдайға қатысты BAQ.KZ тілшісі Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекованың ойын білді.
Әлеуметтік желіде жарияланған суреттерде Алматыдағы жылу электр орталығының мұржаларынан қою қара және ақшыл түтін қатар шығып жатқаны көрінеді.
Түтін аспанға көтеріліп, қала аумағына таралып жатыр. ЖЭО мұржаларынан шыққан түтін тұрғындардың ауа сапасына қатысты алаңдаушылығын күшейте түсті.
ЖЭО-2 жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету - қазір біз үшін басты мәселе. Тұрғындар станцияда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын, көмір қазандықтары қашан іске қосылатынын және мұның шығарындыларға қалай әсер ететінін білуі керек, - деді Жұлдыз Сәулебекова.
Оның сөзінше, шығарындыларды автоматты бақылау жүйесінің деректеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету де маңызды. Осы мәліметтер арқылы станциядан бөлінетін ластаушы заттардың көлемін бағалап, жағдайға объективті қорытынды жасауға болады.
Көмір қазандықтары 2040 жылға дейін резервте қалады
Жұлдыз Сәулебекованың айтуынша, жобаға сәйкес, ЖЭО-2 газбен жұмыс істеген кезде шығарындылар көлемі шамамен 14 есе азаюға тиіс. Алайда төрт көмір қазандығы 2040 жылға дейін резервте қалады. Сондықтан станцияда нақты қанша көмір жағылатынын және оның ауаға бөлінетін зиянды заттардың көлеміне қалай әсер ететінін анықтау қажет.
Маманның мәліметінше, 23 қазанда тараған фото мен видеолардағы түтін қазандықтардың бірін тұтату және мазуттан көмірге ауысу кезінде болған бір реттік қарқынды шығарындылардан пайда болуы мүмкін. Дегенмен бұл - әзірге себептердің бірі ретінде айтылған болжам ғана.
Қордың қолжетімді қалалық мониторинг деректерінде ластаушы заттар концентрациясының күрт өсуі байқалмаған. Бірақ Жұлдыз Сәулебекова мұны шығарындылар мүлде болмады дегенді білдірмейтінін атап өтті. Қалалық датчиктердің көрсеткіштеріне желдің бағыты, ауа райы және ластаушы заттардың атмосферада таралуы әсер етеді.
Шығарындылар туралы деректер жариялануы керек
Жағдайға объективті баға беру үшін шығарындылар болған кезеңдегі автоматты мониторинг жүйесінің деректерін, олардың ұзақтығын және ауаға тараған ластаушы заттардың көлемін жариялау қажет.
Мұндай операциялар технологиялық үдерісте қарастырылған болса да, тұрғындар олар туралы уақтылы әрі түсінікті ақпарат алуы керек, - деді Жұлдыз Сәулебекова.
Оның айтуынша, ЖЭО-2-ні жаңғырту нәтижесінде ауа сапасы нақты жақсарды деп әзірге айтуға ерте. Себебі станцияны газға көшіру үдерісі әлі аяқталған жоқ. Шығарындыларды азайту жөніндегі мәлімделген көрсеткіштер станция іске қосылғаннан кейін нақты өлшеу деректерімен расталуы тиіс.