Алматыдағы жекеменшік мектептің 25 қызметкері жалақысын ала алмай жүр: Қарыз көлемі 30 млн теңгеге жуықтауы мүмкін
Алматыдағы Cosmo International School жекеменшік мектебінің бұрынғы және қазіргі қызметкерлері бірнеше айдан бері жалақысыз жүргендерін мәлімдеді. Олардың айтуынша, мектеп басшылығы еңбекақыдан бөлек әлеуметтік төлемдер мен еңбек демалысына тиесілі ақшаны да төлемеген. Мұғалімдердің бірі редакцияға берген сұхбатында мәселенің бір жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Жалақы да, әлеуметтік аударымдар да төленбеді»
Мектепте былтыр қазаннан биыл мамырға дейін істеген ұстаз Динара Кемелованың айтуынша, қызметкерлерге жалақымен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), зейнетақы жарналары және еңбек демалысына қатысты төлемдер де аударылмаған.
Мен бұл мектепте өткен жылдың қазан айынан бастап жұмыс істедім. Оқу жылы аяқталғанша күтіңіздер, соңғы қоңырауды өткізіп алайық, содан кейін барлық төлемдерді жасаймыз деп уәде берді. Бірақ мамырдың соңынан бері ешқандай нәтиже жоқ. Біз күттік, сендік, алайда мәселе шешілмеді, – дейді мұғалім.
Кей қызметкерлер жеті айдан бері ақша ала алмай жүр
Оның сөзінше, қызметкерлер алдындағы қарыз көлемі әртүрлі.
Өзім наурыз айынан бері жалақы алған жоқпын. Ал кейбір әріптестеріміз жеті айдан бері еңбекақысын күтіп жүр. Оқу ісі жөніндегі меңгерушілердің кейбіріне шамамен 5 миллион теңге қарыз. Тәжірибелі мұғалімдердің арасында 4 миллион, 2 миллион немесе 1 миллион теңгесін ала алмай жүргендер бар, – дейді ол.
Қызметкерлердің есебінше, мектептің 25 адам алдындағы жалпы берешегі 30 миллион теңгеге жуықтауы мүмкін.
Мектеп бұрынғы ғимаратынан көшіп кеткен
Мұғалімдердің айтуынша, оқу жылы аяқталғаннан кейін мектеп орналасқан жерінен көшіп кеткен.
Жалдау мерзімі аяқталған соң мектеп жабылып, басқа жерге көшті. Бізге жаңа мекенжай туралы ешкім нақты ақпарат берген жоқ. Бірнеше рет іздеп бардым, – дейді ұстаз.
Оның айтуынша, мектептің бөлімшелері Алматының әртүрлі аудандарында орналасқан. Қазір оқу орны Ақсай ықшамауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің бірінші қабатында жұмысын жалғастырып жатыр және бұрынғы атауымен қалған.
Жалға алу бойынша да қарыз болғаны айтылды
Қызметкерлердің мәліметінше, мектеп бұрын жалдап отырған ғимараттардың біріне қатысты берешек мәселесі туындаған.
Біз естіген ақпарат бойынша, мектеп ғимарат иесіне шамамен 10–12 миллион теңге қарыз болып қалған. Кейін меншік иесі сотқа жүгінген. Бірақ бұл істің нақты қалай аяқталғаны бізге белгісіз, – дейді сұхбат беруші.
Қызметкерлер еңбек инспекциясына жүгінген
Жалақысын ала алмаған қызметкерлер алдымен еңбек инспекциясы мен әлеуметтік қорғау органдарына шағымданған.
Біз барлық өтініштерімізді тапсырдық. Біраз уақыт тексеру жүргізілді. Кейін еңбек инспекциясындағылар компанияның банкроттыққа өтініш беруі мүмкін екенін және қаржылық жағдайының өте ауыр екенін айтты. Олар мәселені енді сот арқылы шешуге тура келетінін жеткізді, – дейді мұғалім.
Оның айтуынша, қызметкерлерге Алмалы аудандық сотына талап арыз беру ұсынылған.
Қылмыстық іс қозғалған
Қызметкерлер кейін полицияға да жүгінген.
Жақында қылмыстық іс қозғалды. Бізді Алмалы аудандық полиция басқармасында қабылдады. Барлығымыздан жауап алынды. Бірақ кейін іс бойынша анықтаушылар бірнеше рет ауысты. Неліктен екенін білмейміз, – дейді мұғалім.
Қазіргі таңда қызметкерлер тергеудің нақты қандай кезеңде екенін білуге тырысып жатқанын айтты.
«Ақша жоқ, болған кезде төлейміз»
Мұғалімнің сөзінше, мектеп құрылтайшылары қызметкерлермен толық байланысын үзбегенімен, нақты мерзім айтпайды.
Олар екі-үш аптада бір рет қана жауап береді. Әдетте WhatsApp чатында қысқаша жазады. Көбіне: «Кешіріңіздер, ақша жоқ. Қолымызға түскен кезде төлейміз» немесе «Келмеңіздер, бізде ақша жоқ» деген мазмұндағы жауаптар келеді, – дейді ол.
Қызметкерлер жалақы, әлеуметтік төлемдер мен еңбек демалысына қатысты қарыздардың толық өтелуін талап етіп отыр.
Мектеп өкілдері не дейді?
Мұғалімдердің шағымынан кейін мектеппен байланыстық.
Жалақы бойынша берешек қаражаттың түсуіне қарай кезең-кезеңімен өтеліп жатыр. Қажет болған жағдайда бұл мәселеге қатысты толық әрі кеңейтілген жауап ұсына аламыз. Аталған мәселе бойынша мұғалімдер еңбек инспекциясына, прокуратураға және сотқа жүгінген. Қазіргі уақытта барлық мәселе жеке сот орындаушылары (ЖСО) арқылы шешіліп жатыр, - деп жауап берді.
Алайда артынша толық жауап сұрағанымызда мектеп басшылығы байланысқа шықпады. Толық жауап берілген жағдайда материалға қосымша ақпарат ретінде толықтырылады. Бұл жағдайға қатысты полиция департаменті де әзірге үнсіз. Ал қалалық білім басқармасы жеке мектептерге қатысты тексеріс жұмыстарымен айналыспайтынын жеткізді.