Алматыдағы жекеменшік мектептер мемлекеттен 1,3 млрд теңгеден астам ақшасын ала алмай отыр
Мектеп құрылтайшылары мен ата-аналар билікке үндеу жасап, көмек сұрады.
Алматыдағы жекеменшік мектептердің құрылтайшылары мемлекеттен өздеріне тиесілі қаржыны бірнеше айдан бері ала алмай отырғандарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, қаржыландырудың кешігуі білім беру ұйымдарын қарызға батыруы мүмкін. Мектеп өкілдері мәселені шешуді талап етіп, мемлекетке ашық үндеу жасады.
Алматыдағы 23 жекеменшік мектеп ақшасын ала алмай отыр
Алматыдағы «Страна детства» ЖШС және Millenium мектебінің құрылтайшысы Любовь Айтхожина жекеменшік мектептердің бірнеше айдан бері мемлекеттен тиесілі қаржыны ала алмай отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мәселе тек жеке білім беру ұйымдарына ғана емес, бүкіл білім беру жүйесінің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.
Айтхожинаның сөзінше, әңгіме мемлекеттік органдар «А2 компоненті» деп атайтын құрылыс шығындарының өтемақысы туралы болып отыр. Бұл қаражат 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында төленуі тиіс болған. Алайда мектептер бүгінге дейін қаржыландыру алмаған.
Оның мәліметінше, қазіргі таңда осындай жағдайға Алматыдағы 23 жекеменшік мектеп тап болған. Бұл білім беру ұйымдары инвестициялық қаражат немесе несие есебінен салынған.
Аталған мектептерде 10 мыңнан астам бала білім алады, шамамен 2 мың қызметкер жұмыс істейді. Олар – педагогтер, әкімшілік және техникалық қызметкерлер, – деді Любовь Айтхожина.
Ол А2 компоненті бойынша 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларына қатысты берешек көлемі 1,3 миллиард теңгеден асатынын айтты. Сонымен қатар құрылтайшы 2025 жылы аталған 23 мектеп қала бюджетіне және әлеуметтік төлемдер ретінде 4 миллиард теңгеден астам салық төлегенін жеткізді.
Мәселе қайдан туды?
Айтхожинаның айтуынша, мәселе 2025 жылы қаржыландыруды әкімшілендіру тетігінің өзгеруінен кейін туындаған. Сол кезде пилоттық жоба іске қосылған. Оның сөзінше, бұл жоба оқу жылының ортасында және бюджет жылы аяқталар тұста енгізілген.
Құрылтайшы пилоттық жоба бүкіл Қазақстандағы жекеменшік мектептерге бір мезетте енгізілгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл өзгерістер оң нәтиже берудің орнына мектептердің қаржылық қиындықтарға тап болуына себеп болған.
Мектептерде кассалық алшақтық болды, білім беру инфрақұрылымына салынған инвестицияларға қауіп төнді. Ата-аналар, педагогтер мен білім беру процесіне қатысушылар арасында алаңдаушылық пайда болды, – деді ол.
Айтхожина көптеген мектептің қазір қосымша қарыз қаражат тартуға, инвестициялық жобаларды кейінге шегеруге мәжбүр екенін айтты. Соған қарамастан олар жалақыны, салықтарды уақытында төлеп, білім сапасын сақтап отырғанын жеткізді.
Ресми органдардың жауабы
Оның айтуынша, жекеменшік мектептер Алматы әкімдігіне, Қаржы министрлігіне және Оқу-ағарту министрлігіне бірнеше рет ресми сауал жолдаған. Алайда нақты шешім қабылданбаған.
Алматы қалалық білім басқармасының хаттарының бірінде А2 компоненті бойынша конкурс рәсімдері 2025 жылы толық аяқталмағаны көрсетілген, – деді ол.
Айтхожина мектептердің жаңа цифрлық платформаға тіркеліп, барлық қажетті құжаттарды тапсырғанын, тексерістерден өткенін айтты. Оның сөзінше, 22 мектеп конкурсқа ресми түрде жіберілген. Сонымен бірге мектептер мен Қаржы орталығы арасында нысанның мақсатты қызметін 20 жыл бойы өзгертпеу туралы келісім жасалған.
Соған қарамастан, оның айтуынша, Алматы әкімдігі конкурс жарияламаған. Кейін мектептерге бюджет жабылғаны және қаржыландыру мүмкін еместігі айтылған.
Любовь Айтхожина Оқу-ағарту министрлігінің ресми жауабында орта білім беру шығындары жергілікті бюджетке жататыны көрсетілгенін айтты. Министрлік жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүгінуді ұсынған.
Осылайша біз тоғыз айдан бері не істерімізді білмей дал болып жүрміз. Оқу жылы аяқталуға жақындады, бірақ жекеменшік мектептер қаржыландыру алған жоқ, – деді ол.
Жеке мектептерді қаржыландыру қалай жүзеге асады?
Любовь Айтхожина жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігі қалай іске қосылғанын айтып берді. Оның сөзінше, мемлекет бірнеше жыл бұрын кәсіпкерлерді мектеп салуға өзі шақырған.
Шамамен 2015 жылы білім саласындағы кәсіпкерлер қауымдастығына мемлекет жаңа бағдарлама ұсыныпты. Сол кезде билік бюджетте жаңа мектептер салуға қаражат жеткіліксіз екенін мәлімдеп, кәсіпкерлерді өз қаржысына білім беру ұйымдарын салуға шақырған.
Мемлекет бізге: “Қазір жаңа мектептер салуға бюджет мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан кәсіпкерлерді мектеп құрылысына инвестиция салуға шақырамыз. Ал біз әр балаға 96 АЕК көлемінде 8 жыл бойы өтемақы төлейміз” деді, – деп түсіндірді Любовь Айтхожина.
Оның сөзінше, кәсіпкерлер бастапқыда барлық шығынды өздері көтергенімен, кейін мемлекет ол қаражатты кезең-кезеңімен өтеуге тиіс болған.
Бұл шамамен әр балаға жылына 280 мың теңге көлеміндегі төлем. Бірақ қаржы 12 айға емес, тек оқу кезеңіне – қыркүйектен мамырға дейін ғана төленеді. Маусым, шілде, тамыз айларында төлем жүргізілмейді, – деді ол.
Айтхожина ата-аналар жаз мезгілінде оқу ақысы төлемейтінін, сондықтан мектептер көктемнен бастап мұғалімдердің еңбек демалысына және басқа да міндеттемелерге алдын ала қаржы жинауға мәжбүр болатынын айтты.
Оның айтуынша, бұл жүйе жан басына шаққандағы қаржыландыру деп аталады және мемлекеттік те, жекеменшік те білім беру ұйымдарына қолданылады. Ал А2 компоненті мектеп құрылысына кеткен капиталдық шығындарды өтеуге арналған.
Қазір біз брифингте төленбей қалған А2 мәселесін көтеріп отырмыз. Бұл бағдарламалар бойынша бізбен келісімшарттар жасалған, яғни қаржыландыру қарастырылған. Біз бұл бағдарламаға алғаш рет қатысып отырған жоқпыз, – деді Любовь Айтхожина.
"Қаржыландыруды қысқарту білім саласына кері әсер етеді"
Prometheus School және Физтех мектептерінің құрылтайшысы Досым Бесбай да жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесіне қатысты пікір білдіріп, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін қысқарту немесе алып тастау білім беру саласына кері әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, жан басына шаққандағы қаржыландыру – әр баланың конституциялық құқығына негізделген механизм.
Бұл – баламен бірге жүретін ақша. Себебі бәріміз салық төлейміз. Егер салықты барлық азамат төлесе, онда жан басына шаққандағы қаржыландыруды тек белгілі бір мектептер ғана алуы дұрыс емес, – деді Досым Бесбай.
Ол мұндай тетіктен бас тарту білім беру ортасының жіктелуіне әкелуі мүмкін екенін айтты. Құрылтайшының пікірінше, жан басына шаққандағы қаржыландыру ең алдымен орта тап үшін маңызды қолдау болып отыр.
Егер бұл механизм жойылса, білім беру саласында дифференциация пайда болады. Яғни халықтың тек 2-3 пайызы ғана балаларын жекеменшік мектептерде оқыта алады. Біз бұған жол бермеуіміз керек, – деді ол.
Сонымен қатар Бесбай жекеменшік мектептерге бөлінетін төлемдерді қысқартудың немесе мүлде тоқтатудың қисынды себебін көрмейтінін жеткізді. Оның айтуынша, егер оқушылардың бір бөлігі жекеменшік мектептерден мемлекеттік мектептерге ауысса, мемлекет шығыны керісінше артуы мүмкін.
Орта есеппен алғанда, жекеменшік мектептердегі бір оқушыға бөлінетін төлем мемлекеттік мектептермен салыстырғанда 24-25 пайызға жоғары. Сондықтан білім саласындағы қазіргі дағдарыс маған түсініксіз, – деді Досым Бесбай.
Ата-аналар не дейді?
Ал ата-аналар қауымдастығының өкілі Әсем Жандыбаева да білім беру саласындағы қаржыландыру жүйесіне өзгеріс енгізу мәселесіне қатысты пікір білдіріп, бұл ата-аналардың таңдау құқығына әсер етуі мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін өзгерту туралы жаңалықтан кейін көптеген ата-ананы алаңдатқан сұрақтар туындаған.
Неліктен біздің елде ата-аналар балаларын қай мектепте оқытатынын еркін таңдай алмайтын жағдайға жеттік? Неге кейбір мектептер мемлекеттен қаржыландырылады, ал кейбірі алмайды? Қай кезден бастап қаржы әр баланың соңынан емес, жекелеген мектептердің соңынан жүретін болды? – деді Әсем Жандыбаева.
Ол қоғамда жекеменшік мектептер тек ауқатты адамдарға арналған деген түсінік қалыптасқанын, алайда шын мәнінде жағдай басқаша екенін айтты.
Көп адам жекеменшік мектепті қол жетпес қымбат дүние деп ойлайды. Бірақ бұл – ата-аналар басқа мектепті таңдай алмағандықтан баратын орын. Олар белгілі бір жағдайды, білім беру сапасын, баласына деген көзқарасты іздейді. Сол себепті осы мектептерді таңдайды, – деді ол.
Жандыбаеваның пікірінше, егер білім беру саласындағы қаржыландыру құрылымы өзгерсе, оқу ақысы бірнеше есе қымбаттап, оның салмағы ата-аналардың мойнына түсуі мүмкін.
Көптеген ата-ана мұндай ауыртпалықты көтере алмайды. Бізден, яғни ата-аналардан таңдау құқығын алып қоюы мүмкін, – деді қауымдастық өкілі.
Ол бұл мәселені мемлекеттік органдар жан-жақты әрі мұқият қарастыруы қажет екенін атап өтті.
Бұл өте үлкен өзгерістерге алып келуі мүмкін. Сондықтан жоғары тұрған органдардан осы мәселеге ерекше назар аударуды сұраймын. Барлық ата-ананың пікірін ескеру қажет, – деді Әсем Жандыбаева.
Үндеу
Любовь Айтхожина бастаған бір топ адам жекеменшік мектептердің реформаларға қарсы емес екенін, цифрландыру мен ашықтықты қолдайтынын атап өтті. Бірақ оның пікірінше, өзгерістер бұрынғы міндеттемелерді бұзбай жүзеге асырылуы тиіс.
Ол Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыға, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға және Қаржы министрлігіне үндеу жасап, 2020 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларындағы А2 компоненті бойынша жекеменшік мектептердің шығынын өтеу мәселесін шешуді сұрады.