Алматыдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 140 автокөлік бүлінген

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Жаппай тәртіпсіздік кезінде қалада 140 автокөлік бүлінген, оның жартысына оқ тиген.

Тәртіпсіздік кезінде бүлінген көліктердің 80%-ы Көкжиек ықшамауданындағы айыптұрағына жеткізілген.

Алматы қаласы Құтқару қызметінің директоры Бейсеғали Жүнісов бүлік кезінде қираған көліктердің көбіне оқ атылғанын айтады.

Қаңтардың 5-нен бастап айыптұрағына қалада бүлінген көліктерді әкеп жатырмыз. Осы сәтке дейін 140 бүлінген  техника жеткізілді, оның ішінде мемлекеттік және жекеменшік көлік те бар. Оның 47-і өртенген, 48-не оқ атылған. Оған қоса тоналған көліктер бар. Ұлжан ықшамауданындағы қылмыстық айыптұрағына 32 техника жеткізілді. Оларға оқ атылып, ішіндегі адамдары қайтыс болған - деді ол.

Сондай-ақ ол бүлінген көліктер қаланың қай аумағынан жеткізілгенін айтты.

Көліктер негізінен Төлеби, Райымбек, Абай, Назарбаев, Желтоқсан, Сәтбаев көшелері бойынан және Сайн даңғылындағы көпір үстінен жеткізілді. Тек, Республика алаңынан 32 техника әкелінді. Бұл көліктердің барлығы жөндеуге жарамайды,-деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы