Алматыдағы «жабайы» сауданың жайы қалай?

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қызметіне кіріскен алғашқы күннен көшедегі «жабайы» саудамен күресетінін айтқан болатын. Бұл бағытта әкімдік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып, базарлардың жанына шоғырланған ұсақ сауда орындарын да едәуір азайған болатын. Дегенмен күн жылынуымен көшеде тауарын жайып салып сауда жасап отырған саудагерлердің қайта көбейе бастағанын байқап қалдық. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі саудагерді сөзге тартып, сауданың бұл түрі әлі де сұранысқа ие екенін білді.  

Саудагерлердің айтуынша,  табыс бірде көп, бірде аз. Заттарды көбіне зейнеткерлер, студенттер, көпбалалы аналар, жағдайы төмен отбасылар алатын көрінеді.

Көшеде тұрып сауда жасап жүргеніме үш-төрт жылдың жүзі болып қалды. Негізі, басында шағын дүкен ашқанбыз. Бірақ жалға төлейтін ақшамыз, мемлекетке төлейтін салығымыз және өзіміздің отбасылық тұрмыс-тіршілігіміз бар дегендей, бәрі қосылып, қаражат жағынан қиындыққа тап болдым. Сондықтан осылай «жабайы» саудаға көшіп кеттім. Әрине, мұнда да тегін дүние жоқ, осы орнымның иесіне аз-маз ақша беріп тұрамын. Әрі тауарымды дүкен, базардағыдан әлдеқайда арзанға сатамын. Халыққа төмен бағамен ұсынсам да, саудам күнделікті керемет өтеді деп айта алмаймын. Себебі мұндай тауарлар таяқ тастам жерде де дәл осы бағамен сатылады. Сол себепті табыс бірде көп, бірде аз. Біздің затымызды көбіне зейнеткерлер, студенттер, көпбалалы аналар, жағдайы төмен отбасылар алып жатады. Тұрақты тұтынушыларым да бар. «Дәл осы сападағы заттар дүкендерде де қаптап тұр, бірақ онда бағалары қымбат. Одан да сізден алмаймын ба?!», – дейді олар. Кейде бізге көзінің ұшымен қарап, менсінбей өтіп бара жататын қалталы адамдар да болады. Оларға керісінше, ақ қар, көк мұзда немесе шіліңгір шілдеде бізді аяп кете ме, кейбір жағдайы жақсы кісілер алдымыздағы заттардан көбірек алып, тіпті, қосымша ақша тастап, ісімізге береке тілеп кетіп жатады. Иә, «жабайы» сауда көше көркін бұзатыны рас. Бірақ қоғамда жағдайы төмен, осындай арзандау тауарларға мұқтаж отбасылардың бар екендігін де ұмытпасақ деймін, – дейді саудагер. 

Ал қала тұрғындарының ойы әр түрлі. Бірі «Жабайы» сауданы қолдаса, енді бірі дамыған қалада бұндай сауданың болуы ерсі көрінентінін атап өтті. Олардың сөзінше, қала көшелері жаңарып, жасарып жатқанда, мына сауда көңілге қаяу түсіреді. 

Ал мемлекеттік органдар «жабайы» сауданы жою мақсатында кешенді жұмыс атқарып жатыр. Қазір қалада барлығы 60 базар бар, оның 70 пайызы модернизациядан өтті. Қалған аймақ жоспар бойынша келер жылдың аяғына дейін толық игеріледі. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, «Рахат» сауда орталығына қатысты сот ісі басталғалы 130-ға жуық кәсіпкер жақын аумақтағы сауда нүктелеріне жайғастырылған. Қазір жұмысын жалғастырып жатқан 25 саудагерге жаңа базарлардан жеңілдікпен орын ұсынылды. 

Базарда санитарлық, өрт сөндіру нормалары бар, дұрыс сақталмаған. 20-25 кәсіпкерге аудан әкімдігі көмек көрсетті. Ол басқа базарға ауысқан кезде төлемақысы немесе басқа да сұрақ бойынша кеңес беріледі, – деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Нұрқасымов.

«Жабайы» сауданы жөнге салу үшін мегаполистегі 4 базарда биыл кешенді жұмыс атқарылуда. «Ақорда» сауда кешені де жақында мемлекет меншігіне өтіп, оның аумағына мектеп салынатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы