6 Қазан 2026, 09:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві/жасанды интеллект

Алматыдағы тұрғын үй кешенінде 500-ден астам отбасы жарықсыз қалды

Алматыдағы Etasa Residence тұрғын үй кешенінің тұрғындары жарық пен судың қайта өшірілгеніне шағымданды. Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада тұрғындар жағдайды құрылыс салушы мен басқарушы компания арасындағы даумен байланыстырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындардың айтуынша, 5 қазан күні кешенде электр қуаты тағы да ажыратылған. Соның салдарынан 500-ден астам отбасы жарықсыз және сусыз қалған. Сондай-ақ 15 қабатты тұрғын үйде лифттер де жұмысын тоқтатқан.

Құрылыс салушы мен басқарушы компания арасындағы сот дауларының кесірінен жарық қайта өшірілді. Сату бөлімінің телефондары жауап бермейді, ал тұрғындар бірнеше сағаттан бері жарықсыз отыр, – делінген әлеуметтік желідегі жазбада.

Осы жағдайға қатысты «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның «Энергосбыт» филиалы редакцияға түсініктеме берді.

Компания мәліметінше, Жароков көшесі, 218 мекенжайындағы нысан бойынша электрмен жабдықтау туралы келісім 2024 жылғы 1 маусымда Green Park Build ЖШС-мен жасалған. Бұл мекенжайда сегіз блоктан тұратын, 509 пәтері бар Etasa Residence тұрғын үй кешені орналасқан.

Энергиямен жабдықтаушы ұйымның хабарлауынша, тұтынушы электр энергиясы үшін төлемді уақытында жүргізбеген. Соның салдарынан төрт ай ішінде қомақты қарыз жиналған.

2026 жылғы 5 қазандағы жағдай бойынша берешек көлемі 34,1 млн теңгеге жеткен. Оның ішінде мемлекеттік баж да бар.

Компания өкілдері құрылыс салушы бұған дейін берілген бірнеше төлем кепілдігін орындамағанын атап өтті. Қарызды өтеу жөніндегі міндеттемелер маусым, шілде және қыркүйек айларында бірнеше рет кейінге шегерілгенімен, толық орындалмаған.

«Энергосбыттың» мәліметінше, қарызға байланысты нысанның электр қуаты бұған дейін де бірнеше рет ажыратылған. Атап айтқанда, 15 қыркүйек пен 1 қазанда жарық өшіріліп, кейін қайта қосылған. Ал 5 қазанда нысан электр желісінен қайта ажыратылған.

Қазіргі уақытта тұрғындардың жеке есепшоттарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Алайда жарықтың нақты қашан толық қалпына келтірілетіні әзірге белгісіз.