Алматыдағы Тұңғыш президент саябағы қашан ашылады? Әкім нақты мерзімді атады
Алматыдағы Тұңғыш президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, нысан 2027 жылдың көктемінде пайдалануға беріледі. Бұл туралы Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің айтуынша, саябақты жаңарту жұмыстары бірнеше кезеңге бөлінген. Жоба аясында аумақтың солтүстік және оңтүстік бөліктерінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал шамамен екі апта бұрын саябақтың орталық бөлігіндегі ромб тәрізді жаяу жүргіншілер жолын жаңарту басталған.
Жұмыстардың негізгі бөлігі 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Алайда саябақты қыс мезгілінде қабылдамай, көктемге қалдыруды жоспарлап отырмыз. Шамамен наурыз-сәуір айларында нысан пайдалануға беріледі, – деді аудан әкімі.
Оның сөзінше, аумағы 73 гектарды құрайтын Тұңғыш президент саябағы Алматыдағы ең ірі қоғамдық кеңістіктердің бірі саналады.
Қайта жаңғырту барысында саябақтағы бірқатар нысан толық жаңартылады. Атап айтқанда, субұрқақ кешені мен кіреберістегі колоннада жөнделеді, М1 каналының жағалауы абаттандырылады, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, террасалы өткелдер салынады.
Сонымен қатар саябақ аумағында әртүрлі форматтағы бақтар, жаңа демалыс аймақтары мен балалар алаңдары пайда болады. Мұнда мектеп жасына дейінгі балалардан бастап, жасөспірімдерге арналған ойын және демалыс орындары қарастырылады.
Жоба аясында спорт алаңдары мен жаңа инфрақұрылым нысандары да салынбақ.