Алматыдағы троллейбус желісінің барлығы жөнделеді

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қоғамдық көлік саласының жұмысын жете қарады.

Оның айтуынша, бұл бағытта нақты жұмыстар жүруде. Жылжымалы құрамның автобус паркі жаңаруда. Жолайрықтар салу жалғасуда. 

«Біріншіден, автобус парктері үшін білікті кадрлар — жүргізушілер, сервисті мамандар, яғни слесарьлар мен механиктер және басқалары жетіспейді. Оларды даярлаудың жүйесі жоқ. Қалалық мобилділік (Телібаевқа) және білім (Қожабергенова) басқармаларына білікті кадрлар дайындаудың нақтылы шараларын жасауды тапсырдым. Бұл жұмысты кадрлар қажеттілігіне болжам жасап уақытылы әрі колледждердің оқу жоспарына сай жүргізген жөн. Апта ішінде Телібаев бұл процессті ұйымдастырудың нақтылы механизмін ұсынуы тиіс»,- деп жазды әкім Facebook парақшасында.

Екіншіден, экологиялық таза көлік - Алматының троллейбус желісі дұрыс бағаланбай келеді. Бұлардағы байланыс желілері тозған, күн сайын үзіліп жатады. Әкімдікке қаланың барлық троллейбус желісін жөндеуді тапсырдым. Биылғы жылдың өзінде Тимирязев көшесі бойындағы барлық 5,1 км желі ауыстырылады. Қажетті қаржыны бөлеміз. Жаңа троллейбустарды сатып алу жұмыстарын қатар жүргізіп, келер жылы жаңа бағыттарды ашамыз. Қазіргі кезде трансформаторлары қосалқы станциялардың қуаттары әлсіз, сондықтан оларды да жаңартуды қолға аламыз. Бір сөзбен айтқанда, Алматының троллейбус желісі - еліміздегі ең ірі көлік тармағы.

«Үшіншіден, қала сыртына тасымалдау мәселесі пісіп жетілген сияқты. Күн сайын 61 бағыт бойынша 600 автобус қатынайды. Қызмет көрсету сапасы төмен. Автобустардың басым бөлігі тозған. Сондықтан бұл мәселені де ретке келтірген жөн. Ескі көлікті ауыстырып, жолаушыларға билет беру жүйесін ашық ету қажет. Қалалық мобилділік басқармасына (Телібаевқа) қала моделін унификациялау шараларын қарастыруды тапсырдым», - деп жазды ол.

Бұл шаралардың басты мақсаты - қала тұрғындарына сапалы көлік қызметін көрсету және жолаушы тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы