Алматыдағы тарихи ипподромның орнына тұрғын үй кешені салына ма?
Желіде белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Алматыда 1930 жылы салынған тарихи ипподромдың орнына тұрғын үй кешені салынатынын айтып, көпшіліктің назарын аудартты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, ипподром біреулердің көз құртына айналған.
40 гектардан астам жер қып-қызыл ақша ғой. Соған тарсылдатып тұрғын үй салмақшы. Сонда тарихи нысанның құны көк тиын ба? Онсыз да автокөлікке толған Алматы көк түтінге қақалып тұр, – деді ол.
Ол ипподром аумағындағы 500 орындық атқора, малдәрігерлік емдеу орталығы, аттарды шомылдыратын бассейн, ұстахана, аттарды жалдайтын пункт, қонақ үй, жылқы шаруашылығы мұражайы орналасқанын атап өтті.
Франция астанасы бір Париждің өзінде 250 ипподром бар. Ал біз Алматыдағы жалғыз ипподромды көп көріп отырмыз. Біз қазір Алматыны құртып біттік. Алатау баурайындағы әсем қаланыің табиғатын ластадық. Тарихи нысандар жойылып барады. Үй салып, үй сату. Ол үйдің бағасы әкеңнің құнынан артық. Үй дегенде де ол қуанышта та сыйламайды. Бұл мәселеге қатысты қазір жүздеген атбегі ашу үстінде отыр, – деді Нұрсейіт Жылқышыбай.
Ал журналист Аслан Қаженовтың айтуынша, мәселені көтерген пост авторына түрлі қоңыраулар шалынып, қорқыту-үркіту жасалған.
Осы мәселеге қатысты “Тенгри Инвест” ЖШС басшысы жауап берді.
Алматы ипподромының аумағында тұрғын үй кешені салынады деген ақпараттың таралуына байланысты ЖШС ресми түрде бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын хабарлайды. Тарихи ипподром аумағында ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Сондай-ақ тұрғын үй немесе коммерциялық нысандар салу жоспары да жоқ. Ипподром бұрынғыдай жұмыс істеп тұр, онда ат спорты жарыстары өткізіліп, ұлттық спорт түрлерін дамыту ісі жалғасып келеді, – деді компания директоры Ержан Майлыбаев.
Алматы қаласы әкімдігі де бұл ақпараттың негізсіз екенін растады.
Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, аталған аумақ ипподром ретінде бекітілген, ал оны бұзу жөнінде ешқандай рұқсат берілген жоқ, – деп хабарлады әкімдік.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте тарихи тұлға Асанбай Асқаровтың өзі салдырған ипподром сатылып кетіп, тұрғындар наразылық білдірсе де, орнына BI GROUP компаниясы тұрғын үй кешенін салған болатын.