24 Қыркүйек 2026, 15:58 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Алматыдағы Студенттер сарайының шатыры неге опырылды? Мамандар мән-жайын түсіндірді

24 қыркүйекке қараған түні ҚазҰУ-дың Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында шатырдың ескі конструкцияларын демонтаждау жұмыстары жүргізіліп, қатты дыбыс тұрғындарды шошытқан болатын. Университет әкімшілігі бұл жұмыстардың жоспарлы түрде жүргізілгенін мәлімдеді. BAQ.KZ тілшісі оқиға орнына барып, жауапты мамандардан ресми мән-жайын біліп қайтты. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Құрылыс департаментінің басшысы Айту Қонысбаев Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының шатыр конструкцияларын демонтаждау жұмыстарының себебін түсіндірді.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Оның айтуынша, Студенттер сарайы 1998 жылы пайдалануға берілген. Ғимараттың жасы ұлғайғандықтан, қолданыстағы талаптарға сәйкес оған техникалық тексеру жүргізілген.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Қазақстандағы құрылыс нормаларына сәйкес, белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғимараттарға техникалық зерттеу жасалуы тиіс. Біз 2022–2023 жылдары осы жұмыстарды бастап, барлық архивтік құжаттарды көтердік. Алайда жобаның авторларын табу мүмкін болмады. Техникалық тексеру нәтижесінде ғимаратқа жөндеу жұмыстары қажет екені анықталды, – деді ол.

Қонысбаевтың сөзінше, бастапқыда визуалды тексеру жүргізілген. Кейін сарапшылар ғимараттың жасырын бөліктерін ашып, көтергіш және жауапты конструкциялардың түйіскен жерлерін тереңірек зерттеген.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Тексеру барысында бірқатар күрделі ақаулар анықталған. Атап айтқанда, жобада қарастырылған кейбір тірек бағаналары өз орнында болмаған. Мамандар екінші қабаттың еденін ашқан кезде жасырылып қалған колонналарды тапқан. Сондай-ақ көтергіш арқалықтардың кей жерлерінде салбырау белгілері байқалған.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Кейбір түйіскен жерлерде міндетті түрде болуы тиіс колонналар болмаған. Сонымен қатар арқалықтардың арасында технологиялық емес саңылаулар пайда болып, конструкцияның төмен түсе бастағаны байқалды, – деді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, осы тексерулердің қорытындысы бойынша шатыр конструкциясы апатты жағдайда деп танылған.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Қонысбаевтың мәліметінше, шатырды бақылаумен демонтаждау жұмыстары 23 қыркүйек күні сағат 22:50 мен 23:20 аралығында жүргізілген.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Бұл шешім шамамен үш ай бұрын қабылданды. Себебі техникалық қорытындыда конструкцияның апатты жағдайда екені көрсетілді. Біз әртүрлі нұсқаларды қарастырдық. Алайда фермаларды бөлшектеп кесіп алып шығу мүмкін болмады. Өйткені мұндай жағдайда конструкция өздігінен құлап кету қаупі жоғары еді, – деп түсіндірді ол.

Ал мердігер ұйым – Exclusive Qurylys компаниясының өкілі Николай Фальковтың айтуынша, құрылыс және демонтаж жұмыстары табиғаты жағынан әрдайым белгілі бір деңгейде шу шығарады. Ал жұмыстарды кешкі уақытта жүргізу туралы шешім студенттердің оқу процесіне кедергі келтірмеу үшін қабылданған.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Фальков тұрғындардың мазасыздануына себеп болған қатты шуды компания алдын ала болжамағанын айтты.

Мұндай деңгейде шу болады деп өзіміз де күтпедік. Әрине, тұрғындарды алдын ала ескерту керек еді деп ойлаймын. Бұл жерде жағдайдың шұғыл сипатын да ескеру қажет, – деді компания өкілі.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Оның сөзінше, шатыр конструкциясының апатты жағдайда екені жөнінде сараптамалық қорытынды алынған. Ал 21 қыркүйекте жоспарлы демонтаж барысында қосымша қауіп анықталған.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Екі күн бұрын, 21 қыркүйекте, жұмысшылар мен арнайы техниканың көмегімен шатырды бөлшектеу кезінде конструкцияның жағдайы алаңдаушылық туғызды. Себебі бізде оның апатты жағдайда екені туралы сарапшылардың қорытындысы бар болатын, – деп түсіндірді Николай Фальков.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Осыған байланысты мердігер ұйым мен тапсырыс беруші нысандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін конструкцияны шұғыл түрде бақылаумен құлату әдісін қолдану туралы шешім қабылдаған.

ҚазҰУ шаруашылық мәселелері және инфрақұрылым дамыту жөніндегі проректоры Абдрахман Тасыбаев та бұл жоспарлы бұзу жұмыстары болғанын атап өтті. 

Енді себебіне келіп тоқталататын болсақ, біріншіде бұл ғимараттың тарихына тоқталайық. Ғимарат құрылысы 1985 жылы басталды. Аяқталу мерзімі, іске қосылу мерзімі, жұмысқа енгізу мерзімі 1998 жыл. Арада 13 жылдай бұзу жұмыстары жүрді. Сол заманда алатын болсақ, Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан тәуелсіздігін енді алып, енді жаңағы аяқ алатын кез, құлдырау мерзімі болды. Сол кезде бұл ғимараттың құрылысының өзінде бақылау дұрыс болған жоқ. Ол жерде орындаушы арнайы компания болмаған. Сол жерде біздің мәліметіміз бойынша ақырында студенттерді құрылыс жұмыстарына тартқан. Осы жерде жұмыс жасады. Сол себепті бұл жерде құрылыс жасаған кезде көптеген қателіктерге жол берілген, - дейді Абдрахман Тасыбаев. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Оның сөзінше, 2023 жылдың аяғында осы ғимараттарда зерттеу жүргізілген. Бірінші зерттеу сол жылдың аяғында басталды. Ол жерде арнайы аккредиттелген компания жүргізген.

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Сол зерттеу барысында көптеген нәрселерді көрсетті. Бірақ оның өзінде металл конструкцияның беті ашылмағаннан кейін көп нәрсе көрінбеді. Металл конструкция жалғанбаған жерлер табылды. Темірбетондық қабырға болуы керек еді, ол жоқ, - дейді Абдрахман Тасыбаев. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Осылайша алдын ала зерттеу жұмыстары барысында көптеген ақау анықталған. Сол себепті орындаушы компания реконструкция жасау жайлы шешім қабылдаған. Ғимараттың төбесін бұзу жөнінде шешім шығарып, соны жүзеге асырған. 

Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Мамандар ғимаратқа қатысты соңғы сараптама биыл тамызда өткенін атап өтті. Күні кеше болған демонтаж жұмыстары барысында зардап шеккендер болмаған. Жоспар бойынша, барлық реконструкция жұмыстары соңғы сараптама шыққан уақыттан (2026 жылдың тамызынан) 17 ай мерзімде аяқталуы тиіс. Бұл шамамен 2028 жылдың қаңтары. 

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Алматыдағы Студенттер сарайының ғимараты опырылғаны туралы видеолар тарады.